Ұлттық арна болашақ кадрларды тәрбиелейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна болашақ кадрларды тәрбиелейді

16.03.2018

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы болашақ мамандарын тәрбиелеуге де үлкен мән беріп отыр. 60 жылдық мерейтой қарсаңында еліміздің екі бірдей университетінде журналистика факультеттері студенттеріне арналған аудитория ашылды. Заманауи жабдықталған дәрісханаларда басты арнаның өнімдері таныстырылып, жастар шығармашылық жұмыстың қыр-сырын меңгереді. 

Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде ашылған аудиторияда корпорацияның белді, жетекші мамандары шеберлік сағаттарын өткізеді деп жоспарланып отыр. Дәрістердің тақырыбы оқу бағдарламасы мен студенттердің сұранысына сәйкестендіріліп отырмақ.

Қайрат Сақ Л.Н. Гумилев Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

- Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру деген осы. Дәл осы жерде телеэкрандар арқылы Қазақстан телерадиокорпорациясының өнімдері студенттерге таныстырылады. Сондай-ақ, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде ашылған оқу шығармашылық зертханасында Қазақ телевизиясының жарты ғасырдан астам тарихынан сыр шертетін жылнама түзілген. Салаға еңбегі сіңген марқасқалардың тағылымды сөздері жазылып, бейнетаспалары сақталған.

Ғалымқайыр Мұтанұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:

- Бұл өте жақсы. Өйткені, журналистерде білім-ғылым, сонымен бірге, шеберлік қатар жүруі керек. Осы ұстаханада болашақта жақсы мамандар дайындалатынына сенімдіміз. 

Телевизия тарландары телевизияның таспалы тарихын ғылыми айналымға енгізу үшін арнайы бағдарлама қажет екендігін айтты. Осы бағыттағы іргелі істер 60 жылдықтың аясында қолға алынып, бір ізге түсірілмек.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу