Қазақ телевизиясына – 60 жыл. 1978-1987 жылдарға саяхат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына – 60 жыл. 1978-1987 жылдарға саяхат

16.03.2018

Ел өмірімен біте қайнасқан 60 жылдық телевизия тарихының жылнамасына саяхатты ары қарай жалғастырайық. Кезекте 1978-1987 жылдар. Бұл он жылдықта ел тарихында елеулі оқиғалар болды. Ал, телеарнада көптеген тың жаңалықтар жүзеге асты. Ол қандай өзгерістер?

Жетпісінші жылдардың аяғында республиканың индустриалдық әлеуеті арта түсті. Өнеркәсіпте болып жатқан елеулі өзгерістер жайында материалдар әзірлеу үшін журналистерге  экономиканың негіздерін білу қажеттілігі туды. Құрылыстар мен өндіріс орындарына редакция көшпелі түсіру бригадаларын аттандырып отырды.

Бұл уақытта Қазақстанның одақтас республикалармен тығыз экономикалық байланыста болғаны мәлім. Осы тұста бүкіл елдегі желіге байлаулы кәсіпорындардың тағдырын көрсететін «Ритм» хабары эфирге шықты, мал шаруашылығының басында жүрген жастардың ауыр еңбегін көрсету үшін «Жас жігер» экспедициясы сапарға шықты.

Өнер мен әдебиетке арналған жанр ұмыт қалмады. «Сұхбат» хабарындағы Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин сияқты жазушылармен болған жүрекжарды әңгімелер көптің көңілінен шықты.

1980 жылы 19-шілдеде Мәскеу қаласында 22-ші Жазғы Олимпиадалық ойындар ашылды. Оған Қазақ телевизиясының техникалық және шығармашылық ұжымы да атсалысты. Бірнеше жыл бұрын арнайы топ жасақталып, олар ел спортшыларының жетістіктерін бірінші болып жеткізіп тұрды. Осылайша, олар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жеңісі жайлы алғашқы болып сүйінші сұрады.

Жетпісінші жылдардың ортасынан бастап еліміздегі телевизия ақ-қара түстіден, түрлі-түстіге кезең-кезеңімен көше бастады. Бұл жұмысты елдегі әлеуметтік жағдайға байланысты бірден жасауға мүмкін емес еді. Сөйтіп, 1981 жылы ғана ел тұрғындары көк жәшік арқылы берілетін бағдарламаларды шынайы бейнеде көру мүмкіндігіне ие болды.

1983 жылы Көктөбедегі аспанмен таласқан мұнараның құрылысы аяқталып, телехабарларды таратудың сапасы жақсарды. Дәл сол жылы Алматыда 600 шаршы метрлік екі студиясы бар ақпараттық-студиялық кешен пайдалануға берілді.

«Айтыс» атты хабар көгілдір экраннан жарқ еткенде бүкіл қазақ жұрты елеңдесті. Бұл бағдарлама ең алғаш 1983 жылы «Бәйге» деген атпен шығып, оны Сұлтан Оразалинов жүргізді. Екінші жолы 1984 жылы шыққанда бағдарламаға «Айтыс» аты берілді және оның тізгіншісі Жүрсін Ерман болды.

Тағы бір шоқтығы биік бағдарлама «Қымызхана» бұл жылдары бүкіл көрерменді эфир алдына жіпсіз байлап тастады. Қоғамда орын алып жатқан оқиғалар сатира тілімен әдемі ұсынылып отырды. 

Ал, 1983 жылы «Көкпар» бағдарламасы эфирге жол тартты. Бір хабарға күніне 500-ге дейін хаттар келіп түсетін.

1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығы аталып өтті. Осыған орай, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген 40 сериялы телефильмдер желісі шықты. Мұндай үлкен жоба одақтас елдердің ешқайсысында жасалған жоқ.

1986 жылдың қараша айында Алматы-Дели телекөпірі ұйымдастырылды. Бұл Қазақ телевизиясы үшін тың жаңалық болатын. Мұндай үлкен шараны ұйымдастыру оңай болған жоқ. Телекөпір кезінде өнер көрсеткен «Отырар сазы» оркестрінің шығармалары Делидегі көрермендерді керемет әсерге бөледі.

Арада ай өтпей, Алматыда Желтоқсан оқиғасы болды. Телерадио комитетінің қызметкерлері ең ауыр уақытты бастан кешірді. Алаңға шыққан қызметкерлердің ізіне Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті түсті. Есесіне сол оқиғалардың шынайы көрінісі таспаға жазылып қалды. 2014 жылы  өмірден озған режиссер Рубикжан Яхин сол құнды видеолардың авторы еді.

Рубикжан Яхин, режиссер:

-  Сексенінші жылдардың екінші жартысында Кеңес одағында үлкен тарихи шешімдер қабылданды. Әйгілі Михаил Горбачев «Қайта құру» ұғымын енгізіп, посткеңістікте жаңа кезең басталды. Қазақ көрерменінің есінде сол бір кез «Бетбұрыс» және «Пульс» бағдарламаларымен қалды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу