Қазақ телевизиясына - 60 жыл. Телеарнаның тарландары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына - 60 жыл. Телеарнаның тарландары

12.03.2018

Қазақ телевизиясына - 60 жыл. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген арнада Қазақ тележурналистерінің талантты тобы, әсіресе, еліміз Тәуелсіздік алған шақта жарқырай көрінді.  Тәуелсіз ел жаңалықтары алтын әріптермен жазылып, таспаға түсірілді, көрерменге паш етілді. 

Жаңа Астана мен алыс Америкаға дейінгі аралықтағы саяси оқиғаларды, ел өміріндегі елеулі өзгерістерді эфирден беру сол журналистерге жүктелді. Қазіргі сюжетке арқау болған кейіпкерлерді телеарнаның тарландары десе болады. Олар әлі де эфирде. 

Қалыбек Атжан - қазақ журналистикасының қара нары атанған адуынды тілші. 40 жылға жуық уақытын телерадио саласына арнаған ол еңбек жолын 1978 жылы «Лениншіл Жас» газетінде бастаған.

Бұл дауыс көрерменнің әлі есінде шығар. Меншікті тілші болып істеген Қалыбек Атжанның материалдары көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені көтеріп, барды бар, жоқты жоқ етіп оқиғаны шынайы жеткізетін.

Айтпақшы Қазақ телевизиясында «стендап» деген дүниені ең алғаш жасаған да Қалыбек Атжан болатын. 1994 жылы, Ташкент қаласында.

Өзінің еңбек жолында бірнеше облыстық телеарнаны басқарып, Ұлттық арнаның аймақтағы тілшілер қосынына жетекшілік еткен белгілі журналист бүгінде Тараз қаласындағы «77» телеарнасының директоры.

Сөз қадірін өз қадіріндей көретін журналист - Әлімжан Сабыржанұлы еліміздің жетекші телеарналарында еңбек етті. Әлемнің әр шалғайынан талай мәрте репортаж жүргізді. «Айқын» газетінде жарияланған «Әлемді шарлаған Әлімжан» атты мақалада оның шығармашылығына жан-жақты баға берілді. «Тележурналистика мамандары оның тілдік қорына, ахуалды көркем сөзбен әдіптей білетіндігіне назар аударды. Сюжет сыртында жасырынып тұрған детальді көре біледі. Қарапайым сюжетті шағын шығарманың деңгейіне жеткізеді», деп жазды. Әлімжан Сабыржанұлы қазір қара щаңырақ - «Qazaqstan» Ұлттық арнасында. Ақпартаттық саяси бағдарламалар дирекциясы «Апта» бағдарламасының аналитик-редакторы. Өзі жайлы емес, өзге әріптестері жайлы айтқанды жөн санайды.

Әлімжан Сабыржанұлы, «Апта» бағдарламасының аналитик-редакторы:

- Соңымыздан арынды, дарынды, қазіргі тілмен айтсақ, креативті, білімді буын келеді. Араларында «жеті жұрттың тілін» білетіндері де бар. Қазақ телевизиясының болашағы - осы жастар. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларды күн құрғатпай эфирден беріп жатады. Тәуелсіз еліміздің жаңа телешежіресін жазу енді осы жастардың еншісінде. Мемлекет атын иеленген арнамыздың айтулы мерекесімен осы жастарды құттықтап қойғым келеді.

Ал, Серік Жанболатты телевизия деген сиқырлы әлемге әкелген «Ақиқат» пікірталас  бағдарламасы. 1980-жылдардың аяғында шыққан бұл хабарды жұртшылық сүйіп көретін. Ал, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтқан «Көкпар» бағдарламасының көтерген тақырыптарын тек студия қонақтары ғана емес, көрермендер де қызу талқыға салатын.

Серік Жанболат, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС вице-президенті:

- Бір күні Жамбылдан кісілер келді. «Көкпар» басталатын күні кешке ауылда басқа қызық жоқ», дейді. «Клуб жабылып қалған. Сол кезде мектептің мұғалімдері теледидарды үстелдің басына қояды. Сосын екіге жарылып отырамыз. Содан «Көкпарда» сіз ортаға тақырыпты тастағаннан кейін біздің де ауылда пікірталасымыз басталып кетеді. Сіздер біраздан кейін бітесіздер. Ал, біздікі түннің ортасына дейін жалғасады», - дейді.

Бүгінгі біздің әрбір кейіпкеріміздің журналистика саласындағы өзіндік қайталанбас қолтаңбасы қалыптасқан. Талай дүниені жазып, көптеген телеөнімді жасаған олардың әлі де айтары бар. Артынан ерген келесі буынға үйретері мол.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу