Ұлттық арна 60 жыл елмен бірге - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна 60 жыл елмен бірге

08.03.2018

«Qazaqstan» телеарнасы – Қазақ телевизиясының алғашқы қарлығашы. 1958 жылы 8 наурызда тұңғыш рет Алматы қаласынан хабар тарата бастады. Осы сәттен бастап Ұлттық арна еліміздегі барлық маңызды оқиғалардың куәсі болып келеді.

Ең алғашқы хабар тарату жұмысы шағын ғана телестудиядан басталған еді. Алматы телестудиясына мәдениет саласының білікті маманы Хамза Әбілғазин басшылық етті. Ол кезде хабарлар тек Алматы қаласының төңірегін қамтыды. Кейін Өскемен, Қарағанды облыстарында арна станциялары ашылды. Осылайша, өзге өңірлерге де ақпарат тарай бастады. Тіпті, кейінгі жылдары шекаралас Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей елдері басты арнаны еш кедергісіз тамашалай алатын болды. Тұңғыш рет Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған спектакль тікелей эфирден көрсетілді. Ғылым және техника салаларындағы жетістіктер насихаттала бастады.

Қазақ телевизиясының негізін қалаған азаматтардың алды қазір 100 жасқа таяды. Олар телевизия деген жаңа саланы жаңғыртып, арна ауқымын кеңейткендер. Құсман Игісінов те телеарна дамуына үлес қосқан ардагер журналистердің бірі. «Телевизия – жаңа өнер. Осы жаңа өнермен біз өркениет көшіне ендік», - дейді ардагер.

Алғашында 5 сағат тікелей хабар таратқан арна кейіннен бағыты әртүрлі бағдарламалар санын арттырды. Мәселен, «Тамаша», «Қымызхана», «Алтыбақан», «Мың да бір рахмет» бағдарламалары ел жадында. «Пай-пай 25», «Қарыз бен парыз», «Қыз сыны», «Көкпар», «Жігіт сұлтаны», «Атамекен», «Әлем халықтарының ертегілері», «Сөз мерген», «Алтын сақа», «Айтыс», «Ақжүніс» жобалары да көптің көкейінде әлі күнге сақтаулы.

Екі тілде хабар таратқан арна алғашында ағартушылық, танымдық бағыттағы бағдарламаларға бет бұрды. Жетпісінші жылдары көптеген телебайқаулар ұйымдастырды. Сексенінші жылдары ток-шоулар қатары артты.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ телевизиясының тарихында жаңа кезең басталды. 1994 жылы 4 сәуірде Президент Жарлығымен «Қазақстан» теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы болып құрылды. 2002 жылдан ұлттық деген статусқа ие болды. Сол кезден бастап шын мәніндегі ұлттық мұраларымыз бен асыл жауһарларымызға баса назар аударылды. Ал, 2011 жылы Қазақ телевизиясы үшін елеулі оқиға орын алды. Елбасының тапсырмасы бойынша 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті. 2012 жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы заманауи үлгідегі «Қазмедиа» орталығына көшті. Бүгінгі таңда арна эфирінде түрлі жастағы көрерменге арналған жаңалықтар мен бағдарламалар, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген 40-тан астам жоба бар. Елімздегі ең ірі медиақұрылымның қарамағына үш республикалық, 14 аймақтық арна, 4 радио және 36 сайт кіреді. HD форматқа толықтай көшкен арнаны әлемнің әр түкпірінен онлайн режимде көруге болады.   

Хабарламаларға жазылу