Қазақ телевизиясының қос қарлығашы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының қос қарлығашы

19.02.2018

Қазақ телевизиясының қалыптасу кезеңінде ер азаматтармен иықтаса жүріп еңбек еткен қайраткер нәзік жандар көп. Солардың ішінде Бейбіткүл Дуанбекова мен Ұлболсын Айтөленнің еңбегі ерен. Қаршадайынан қаламды қару еткен қос қарлығаш елдің сөзін айту үшін журналистика мамандығын таңдаған. Олар телевизияның ақпараттық бөлімінде қыстың суығына жаурамай, күннің ыстығында шаршамай, осы салада ұзақ жыл еңбек етті.

Бейбіткүл Сатыбалдықызы - 1983 жылы батыр қыздардың ерлігін ақпарат кеңістігінде қайталаймын деп телевизияға келді. Оған 1992 жылы Тәжікстандағы азаматтық соғыстан зардап шеккендерге ізгілік көмектің жетуі туралы ақпарат беру жүктелген. Тумысынан қорқуды білмейтін тілші қарулы қақтығыс жүріп жатқан елдің жағдайынан сегіз репортаж берді. Орта Азия елдері Бейбіткүлдің от пен оқтың ортасынан дайындаған сюжетінен 20 мыңға жуық жазықсыз жанның қырылғанын естіп, 150 мың үйдің қирағанын көрді.

Ал, Ұлболсын Айтөлен алты Алаштың басы қосылған алғашқы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайынан ақпарат берді. Әлемнің әр қиырынан келген қазақ ғалымдарының тағылымды тұжырымын елдің назарына ұсынды. Тағдыр тауқыметімен жер жүзіне тарыдай шашылған қазақты бір мүддеге біріктіру үшін өткен шараның түпкі мақсатын халыққа жеткізді.  

Қазақ телевизиясына 1981 жылы келген Ұлболсын Айтөлен Кеңес үкіметінің қатаң қадағалауына қарамай ұлттың санасын оятатын хабар дайындауға күш жұмсаған. Зер салсаңыз, бұл да қарусыз қақтығыс жүріп жатқан ақпарат майданындағы ерен ерлік.    

Міне, тележурналистиканың суығына тоңып, ыстығына шыдап, бар ауыртпалығын ақылымен көтерген қос жұлдыз зейнет жасына жетсе де әлі тың. Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай, олар саналы ғұмыры өткен қарашаңырақтың киелі табалдырығын аттап, ұстаздарын зор сағынышпен еске алды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                       

Хабарламаларға жазылу