«Qyzyljar» телеарнасы бүгінде көрерменнің көзайымына айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qyzyljar» телеарнасы бүгінде көрерменнің көзайымына айналған

08.02.2018

Сан белесті басынан кешірген «Qyzyljar» телеарнасы бүгінде көрерменнің көзайымына айналған. 58 жылдық тарихы бар теріскейдегі облыстық филиал тағылымды хабарлар мен мазмұнды жобаларды жарыққа шығарған нағыз шығармашылық орта болып қалыптасты.

Баян Баймұқанова 28 жылдан соң көгілдір экран алдына қайта оралды.  Студия, жарық, камера, суфлер бәрі басқа. «Телеарнаның өткені - өшпес тарих, ал, бүгіні – қазақ телевизиясының нағыз өркендеген дәуірі», - дейді   телевизия ардагері.

Баян Баймұқанова, телевизия ардагері:

- Телевизияда қызмет ету әркімнің басына қона бермейтін бақ, деп ойлаймын. 7 жыл диктор, қалған уақытта тек қана режиссер болып істедім.

Облыстық телеарнаның негізін қалағандардың бірі – Мүтәллап Қанғожин. Қарапайым тілшіден телеарнаның директоры лауазымына дейін көтеріліп,  көзі қарақты көрермен үшін 40 жылға жуық еңбек етті. Өз ісіне адал, қажырлы қайраткерлердің арқасында ұрпақты тәрбиелейтін, салт-дәстүрді дәріптейтін сүбелі бағдарламалардың қатарында «Самал» телевизиялық жастар клубы жарыққа шықты.

Мүтәллап Қанғожин, телевизия ардагері:

 - Сол клубқа Социалистік еңбек ерлерін, елге танылған ағаларды, апаларды шақыра бастадық. Жастардың өнерлерін қызықтап, тамашалайды. Онымыз халыққа ұнады.

Жаңа ғасырда жаңаша келбетке ие болған жергілікті арна былтырдан бастап «Qyzyljar» деген атаумен қайта жаңғырды. Еліміз латын әліпбиіне көшуді қолға алған тұста Ұлттық арна облыстардағы телеарна атауларын алғашқы болып латын қарпіне ауыстырды. Рухани толысқан теларнаның тиісінше материалдық-техникалық базасы да озық технологиямен жарақталды 

Самат Сапаралы, тілші:

- Мынау 80-90 жылдардағы КТ-178 камерасы. Алып техниканың салмағы 100 келіден асады. Сондықтан да мұнымен жұмыс істеген адамның еңбегі орасан екені айтпаса да белгілі. Ал, мынау бүгінгі студиялық камералардың жетілген түрі. Бұл аз десеңіз, экстремалды жағдайда қолданатын экшн камералар да бар. Қажет болса, зеңгір көктен я болмаса теңіз тұңғиығындағы тылсым әлемді түсіре алатын дрон, «GoPro» тәрізді  таспалар арқылы небір көркем туындылар көрерменге жол тартуда.

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу