Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай ардагер журналист Ұлбосын Айтөлен «Таңшолпанға» сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай ардагер журналист Ұлбосын Айтөлен «Таңшолпанға» сұхбат берді

02.02.2018

1958 жылы 8 наурызда қазақ телевизиясының алғашқы хабары эфирге шықты. Биыл – 60 жыл.

Бүгінгі бағдарлама төрінде ардагер журналист, редактор 1980-2002 жылдар аралығында Ұлттық арнада қызмет еткен Ұлбосын Айтөлен қонақ болды. Журналист өткенге көз жүгіртіп, арнада қызмет еткен жылдарындағы қызықты жайттарымен бөлісті.

«Ұлттық арна - қазақ телевизиясының қара шаңырағы. Мен бұл қара шаңыраққа сексенінші жылдары келдім. Ол кез қазақ телевизиясының алтын ғасыры болып есептелінді. Халық сол кездегі хабарларды сүйсіне еске алады», - дейді ардагер журналист.

50 жылдықта Ұлбосын Айтөленнің «Әріптестерім» атты кітабы жарық көрген болатын. Биыл сол кітап толықтырылған нұсқада шығады.

«Телевизия – адам бойындағы эстетикалық және этикалық қасиеттерді қалыптастыратын  шығармашылық орта, идеологиялық қуатты күш. Оны орынды пайдалану керек. Мысалы, кезінде бір ғана арна болды. Ал, оның он шақты редакциясы болатын. Әр редакцияның бағыт-бағдары болды. Мәселен, әдебиет, қоғам, музыкалық хабарлар. Ал, қазір меніңше, арналар ән салып тұрғандай көрінеді. Бәрінде шоу, әншілер. Әншілерге қарсы емеспін. Бірақ әркімнің өз орны бар. Әр түрлі көрермен бар. Көрермендерің жасы ескерілмейтін сияқты. Осыны ойластырса», - дейді ардагер журналист.

 

Хабарламаларға жазылу