Бүгін Астананың көгіне әскери ұшақтар көтерілді (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Астананың көгіне әскери ұшақтар көтерілді (толығырақ)

07.05.2014
Бүгін Астананың көгіне әскери ұшақтар көтерілді (толығырақ)
Астананың көгіне бүгін әскери ұшақтар көтерілді. Ал, жерде түрлі зымыран кешендері мен танктер қарауылдады. Отан қорғаушылар күнін биыл Астана әскери парадпен қарсы алды.
 
Лек алдында саналы ғұмырын әскери қызметке арнауға бекінген үздік ұландар. Парадты  бүгін   Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Жас Ұлан мектебінің   барабаншылар   ротасы бастады. Жас әскерилердің ізін ала  қадымдаған Қорғаныс министрлігінің   ең таңдаулы офицерлер құрамы. Алаңда аты аталған әр сарбаздың ерлік, өнегесі бар. 
 
Құрлық әскерінен кейін әуе қорғанысы, әскери теңіз күштерінің   сарбаздары сап түзеді.   Аэроұтқыр топтарды,   арнайы қызмет жасағы мен әскери оқу орындарының курсанттарын  даңқты генералдар мен атышулы офицерлер бастап шықты.  
 
2,5 сарбаздың алдында  әр қызметтің, әр батырдың   ерлігі үлгі етілді.  Бұл - бүгінгі күннің батырларының есімі жастардың жадында жатталсын деген ниет.
 
Әскердің басты   әлеуеті әрине, артиллерия. Бүгін сарбаздар  сап түзеп өткеннен соң  алаңға кезек-кезек   әскери көліктер шықты.
 
Алдыңғы   шепте   ауыр артиллерия  танктер, танкіге   сүйеу болатын  оқ өткізбейтін көліктер,   жауынгерлік машиналар. 
 
Көптің назарына ұсынылған   жаңа үлгідегі қару-жарақтардың , техникалардың дені - өзіміздің отандық өнім.  «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясына қарасты өндірістерде жетілдірілген.     
 
Бұл -  «Точка У»   тактикалық зымыран кешені. Қарсыласты ықтыратын - күш.   Бір оқтұмсық  7  гектар   жерді жайпап өтуге қауқарлы.
 
Халидун Эрен, Әскери атташе( Түркия):
Бүгін шерудің арқасында қазақ әскерінің әлеуетін көрдік, ұтқыр техникалардың   жаңа заманауи түрлерімен таныстық.
 
Карлос Валдес, Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Куба халқының атынан фашизмге қарсы күрескен майдангерлерді және елдің бейбітшілігін күзеткен қазақ әскерилерін мерекелерімен құттықтаймын. Өте керемет әскери парадқа куә болдық.
 
 Астананы көктен күзететін күрделі маневрларды   орындауға қауқарлы ұшақтар   мен тікұшақтар.   Бұл жолы  армиялық авиация да аянып қалған жоқ. 
 
Құралайды    көзге атқан   ұшқыш- мергендер     көкке    МИ-17, МИ-8, жеңіл ЕС -145 тікұшақтарын,   Су -27, Ту-154, Ту 134   ұшақтарын көтерді. Күрделі жаттығуларды орындады. Ұшқыштардың шеруге   арнайы тартуы да бар. 
 
Асылхан Бекбаев, соғыс ардагері:
Еліміздің Қарулы күштеріне, жастарға қарап қуанып отырамын.
 
Парад сөзінің арғы тегі  француз, испан, латын тілдерінен кіріксе керек. «Дайындаймын» деген мағынаны береді.
 
Бұл - әскер мен әскер қарамағындағы  техниканың   салтанат құруы. Қазақтың жаугершілік тарихында   да аттан салу, ұран шақыру ерлердің    намысын оятқан.  Жаңа замандағы   шеру де  сол секілді.   Жауынгердің жігерін қайрап, руһ береді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
Еліміздің армиясы - бес қаруы сай армия. Бүгінгі әскери шеру осының дәлелі болса керек. Біздің әскери Доктринамыз бейбітшілік жағдайындағы қорғанысқа бағытталған. Барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Шекарамызды толығымен айқындап, бекіттік. Дегенмен, әр мемлекет өзінің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жан аямай қорғай білуі тиіс. Бүгінгідей алмағайып заманда армиямыз сақадай-сай болуы керек.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу