Жаркент шекара отрядына биыл - 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаркент шекара отрядына биыл - 90 жыл

07.05.2014
Жаркент шекара отрядына биыл - 90 жыл
Тәуліктің 24 сағатында да, жылдың 365 күнінде де Қазақстан шекарасы сенімді қолда. Қашанда қырағылығынан танбайтын шекарашылар - қазақстандықтардың тыныш ұйқысының, қуаныш-күлкісінің кепілі.
 
Жаркент шекара отряды - еліміз аумағындағы ең байырғы әскери құрылымдардың бірі. Биыл 90 жылдық мерейтойларын атап өтпекші. Отан алдындағы қызмет -абыройлы міндет. Сондықтан, шекарашылар бүгінгі Отан қорғаушылар мерекесі күні де өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.
 
Сайдың тасындай бұл жігіттер үшін Отан шекарадан басталады. Жыл басынан бері жаркенттік шекарашылар 6 шекарабұзушыны ұстады. «Біздің берік шебімізді тіпті Франция елінің азаматы кесіп өтпек болды», дейді штаб бастығы Сәкен Досов.
 
Сәкен Досов, әскери бөлімінің штаб бастығы:
Ол өз елінде 20-ға жуық қылмыс жасаған екен. Оны тіпті «Интерпол» іздеген. Қазіргі таңда шекара бұзған азамат Қазақстан заңнамаларымен сотталып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
 
Жаркент шекара отряды 203 шақырымды күзетеді. Олардың 153 шақырымы - таулы аймақ. Бұл отрядтың тағы бір ерекшелігі, бұл жерде бірнеше халықаралық маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан, жауапкершілік жүгі еселене түседі.
 
Аманжол Тоқанов, шекарашы:
38 шекара бұзушыны қызметтік иттердің көмегімен ұстадық. Әр күн сайын қандай жағдай болсын қызметке шығып отырамыз. Күнделікті дайындықтың арқасында осы жетістікке жетіп отырмыз.
 
Шекарадағы қызмет сапалы болу үшін оларға барынша жағдай жасалуы керек. Жаркент шекара отряды ең озық үлгідегі техника және байланыс құралдарымен қаруланған. Ал, жауапты міндетті абыроймен атқару - жауынгерлердің парызы.
 
ҚуанышҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу