«Еурокоптер» тікұшақтары парадқа алғаш рет қатыстырылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еурокоптер» тікұшақтары парадқа алғаш рет қатыстырылмақ

07.05.2014
«Еурокоптер» тікұшақтары парадқа алғаш рет қатыстырылмақ
 
Қазір еліміздің барлық аймақтарында мерекенің қызған шағы. Басты мерекелік думан Елордадағы «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда шерумен бастау алады. Оған Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.
 
Досымжан Ермұрат, тілші:
Санаулы минуттардан соң көптен күткен әскери шеру басталады. Қазір алаңда ине шаншар орын жоқ. Жиналған жұрттың қарасы өте көп, әлі де болса, келіп жатыр. Қазір 20 минуттан соң 2500 әскер сап түзеп өтетін болады. Оның 1500-і Қарулы Күштердің сарбаздары, оның 94-і Әлия мен Мәншүк батырлардың ізін қуғандар.
 
Ал техникалардың саны 300-ге жуықтайды. Мұндағы техниканың дені өзімізде жасалған. Халық әсіресе, әскери техникалар мен салтанатты шараның ең әсерлі сәті - әуе шеруін асыға күтіп отыр.
 
Жалпы, 80-ге жуық әскери әуе техникасы көкке көтеріліп, Әуе Қорғаныс Күштерінің зор әлеуетін көрсететін болады. бір айта кетерлігі, өзімізде жасалған «Еурокоптер» тікұшақтары парадқа алғаш рет қатыстырылмақ.
 
Бас-аяғы бүгін 90 ұшқыш ел мен Елбасының алдында сыннан өтеді. Әуе қақтығысының элементін көрсететін ұшақтарды тәжірибелі мамандар тізгіндесе, тікұшақтар жас мамандарға сеніп тапсырылып отыр. Ұшқыштардың ең жасы – 24 жаста.
 
Әскери әуе шеруін алғаш болып жылдамдығы дыбыстан да жоғары «МиГ-29-31» ұшақтары бастайтын болады. «Ми-17», «Ми-8» ұшақтары тұмсығына Туымызды іліп шығады, содан кейін «СУ-27» ұшағы аспанда арнайы «Бәйтеректің» бейнесін бейнелейтін болады.
 
«СУ-25» ұшағы шерудің соңында Мемлекеттің Туымызды көкте бейнелейді. 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу