Өскеменнің орталық алаңында әскери шеру өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменнің орталық алаңында әскери шеру өтуде

09.05.2014
Өскеменнің орталық алаңында әскери шеру өтуде
 
Жеңістің 69 жылдық мейрамын Шығыс Қазақстан облысындағы ел-жұрт та кең көлемде тойлап жатыр. Бүгін таңертең облыс басшылығы, ардагерлер, қала тұрғындары және жастар Даңқ мемориалының қасына жиналып, жылдағы дәстүр бойынша, Мәңгілік алауға гүл қойды.
 
Майдандастар рухына тағзым етті, бір минуттық үнсіздік жариялап, опат болған сарбаздарды еске алды. Ал дәл қазір Өскеменнің орталық алаңында әскери шеру өтіп жатыр.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Біз қазір Өскемен қаласының орталық алаңында тұрмыз. Бұл жерде жылдағы дәстүр бойынша әскери шеру өтіп жатыр. Оған Өскемен гарнизонының сардарлары мен сарбаздары және ішкі істер мен түрлі күштік құрыламдардың әскерилері қатысты. Әрине, алдыңғы қатарда соғыс ардагерлері. Жалпы, Шығыс Қазақстаннан майданға 170 мыңнан аса адам аттанған. Олардың ішінде 109 ардагер Кеңестер одағының Батыры атанып, 24 адам Данқ орденінің кавалері болды. Сондай-ақ, майданға жөнелтілген 25 түрлі заттың 20-сы осы шығыста өндірілді. Бүгінгі таңда облыста 747 соғыс ардагері бар. Солардың бірі - Кәрім Нұрсадықұлы.
 
Кәрім Нұрсадықұлы, тыл ардагері:
Осыдан 69 жыл бұрын қанды соғыстың азабын көрдік. Ал бүгінгі күні міне еліміз екемендік алып, бүкіл халықтың жүзінде күлкі мен қуаныш ойнап тұр. Біз қуаныштымыз осы күнді көргенімізге.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Әскери шеруді «Қазақстан – Өскемен » телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. Жеңіс мерекесін облыстың барлық аудандары мен қалалары осылай кең көлемде тойлап жатыр. Көптеген жерлерде патриоттық әндердің фестивалі ұйымдастырылған. Саябақтардағы дала асханасында сарбаз ботқасы пісіріліп, майдан әндері орындалады.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу