Бүгін - Жеңіс күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Жеңіс күні

09.05.2014
Бүгін -  Жеңіс күні
Бүгін  -  Жеңістің 69 жылдығы. 1941 жылдың маусымында басталып, 5 жылға созылған сұрапыл соғысқа Кеңес одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар, қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы  қайтып оралмады.
 
Жалпы, бұрынғы Кеңес одағынан 27 миллионға жуық адамды жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес одағының Батыры атанды. Батыр атағын соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары, нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал, 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес одағының Батыры атағын  Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал, Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес одағының Батыры атағын иеленді. 
 
Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар, 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.
 
Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші  шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандық болды.
1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста  генерал И.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді.
 
Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9-қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс  Қазақстандағы теміржол станциялары мен елді мекендер кеңінен тартылды.
 
Курск шайқасында және басқа да  майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Беларусьті, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты.
 
Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Беларусьта - 3000-ға жуық қазақстандық ерлік көрсетті.
Олардың арасында Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.
 
Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар, одан тысқары жерлерде де кеңінен аталып өтеді. Жеңістің 69 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілуде. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер өтіп жатыр.
 
Бүгін  Астанада қала жұртшылығы, ардагерлер «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қояды, мерекеге жиналған майдангерлер сарбаз ботқасынан ауыз тиеді, майдандық әндер шырқалады.
 
Сондай-ақ Алматыда дәстүр бойынша 28-панфиловшы батырлар ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, қала алаңдарында концерттер өтеді. Мерекелік шерулер халық серуеніне ұласып, отшашумен аяқталады. Мұндай шаралар республикамыздың барлық өңірлерінде жалғасын табады.

Хабарламаларға жазылу