«Нұр Отан» партиясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «NurOtantalks» жобасын қолға алды

02.11.2018

Әлемге тек табиғи байлықтарымызбен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдениеттегі жетістіктерімізбен де танылуды алдымызға мақсат. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты. «NurOtantalks» жобасы аясында өнер саласында жетістікке жетіп, белестерді бағындырғандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақтан шыққан таланттар аз емес, Қазақстан атын танымал еткен отандастарымыз да жетерлік. Қайда жүрсек те, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялататын да осылар.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына 1,5 жылдай уақыт болды. Ал, рухани жаңғырудың бастауы – мәдениет пен өнер. «Нұр Отан» партиясы бұл жолғы тақырыпты қазақ мәдениетін әлемдік деңгейге шығаруға арнады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл тақырып тікелей Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтыны түсінікті.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, біз бүкіл әлемде оқылатын шығармалардың, жаһан мойындайтын әртістердің дамуына жағдай жасауымыз керек. Бұл орайда «Нұр Отан» партиясы игі жұмыстарды қолға алды.

Жанарыңды жаулап, жүрегіңді елжірететін қара домбыра. Күй қазақтың бүкіл тарихының шежіресі, жүрек лүпілінің жазбасы. Ол біздің халықтың болмысын айшықтайды, сондықтан, біз оны жаңғыртуға тиіспіз дейді Арман Жүдебаев. Тіпті Америкаға барғанда Құрманғазының «Сарыарқасын» ойнағанда олар қазақтың күйін естіп, көзіне жас алыпты.

Арманның арманы асқақ болса, сар даланың сұлуы Самалдың шабысы жаман емес. Әлем  киногерлерін таңғалдырған қазақ қызы төрткүл төрінде көз тіккен өнер додасында үздік актриса атанды. Табиғи сұлулық, ізеттілік, тектілік. Қазақ қызына тән қасиеттердің барлығы Самалдың бойында бар. Ал, ол еліне, Отанына деген махаббатын айтты.

Қазақстандық өнерді әлемге танытып жүрген Дина Байтасованың да еңбегі ерен. Өнертанушы нағыз елінің патриоты тәжірибесімен бөліссе, республикалық кинофестивальдердің лауреаты, режиссер, сценарист, актер, документалист Диас Әзімжан да жастарға шабыт сыйлады. Сұрақ қоямын, пікір алмасамын деген жастар да толастамады. Олардың барлығы аға-әпкелеріне қарап, бой түзейді, үлгі алады, мәдениетін қалыптастырады.

Индира Бегайдар, тілші:

- Ұлт мәдениеті – рухани жаңғырудың кепілі. Бағдарлама аясында қазір әлемнің үздік туындылары қазақ тіліне аударылып жатыр, сондықтан да, көзқарасымызды кеңейтіп, кітап оқысақ та, мейлі өнер ордасы театрға барсақ та, қоғамның әлсіз тобына қолұшын берсек те, мәдениетімізді бір сатыға көтердік деген сөз.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу