60 қазақ қаламгерінің еңбегі аударылады

16.10.2018

Қазақтың 30 жазушысы мен 30 ақынының шығармалары орыс тіліне аударылады. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі еліміздің Ұлттық комиссиясы, Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымымен және Мәскеу мемлекеттік университетінің Баспа үйімен келісті. Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өткен кездесу кезінде тараптар осы ниеттерін меморандум түрінде бекітті. Соған сәйкес енді «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» кітаптарының әрқайсысы 10 мың данамен басылып, Ресейдің және өзге де орыстілді оқырманы бар ТМД мемлекеттерінің кітапханалары мен ғылыми мекемелеріне тегін таратылады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қазақ әдебиетін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару туралы тапсырма берген. Осы уақытқа дейін еліміздің «Ұлттық аударма бюросы» қазақ шығармаларын ағылшын, француз және испан тілдеріне тәржімалау жөнінде келісімдерге келді. 

Владимир Бояринов, «Ресей жазушылар одағы» Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы:

- Қазақ тарапы бізге әлемдік аренаға ұсынатын үздік қаламгерлерін іріктеп берді. Ал, мәскеулік, ресейлік әдебиетшілер енді олардың шығармаларына өте жоғары деңгейде, сапалы аударма жасайды. Бұл екі елдегі ақын-жазушылардың, оқырмандардың арасындағы байланыстарды бекітетін қадам деп ойлаймын.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Жазушылар одағының ұйымы әдеби аударманы және мәтінді дайындау, редакциялаумен айналысады. Ал, ММУ баспасы қазақ әдебиетінің 2 антологиясын: біреуі «Қазіргі қазақ прозасы», екіншісі, «Қазіргі қазақ поэзиясы», осы кітаптарды басып шығарып, оны орыстілді оқырманға жеткізуді өздеріне алып отыр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу