Шығысқазақстандық оқушылар туған өлкенің тарихи-мәдени құндылықтарымен терең танысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық оқушылар туған өлкенің тарихи-мәдени құндылықтарымен терең танысуда

26.06.2018

Олар арнайы экспедиция барысында өңірдің көрікті жерлерін аралап, ғылыми жобаларына тың материал жинап келді. Жас зерттеушілер «Менің Отаным - Қазақстан» деп аталған облыстық слет аясында алдымен Өскемен қаласында бас қосты. Облыс орталығына аудандық, қалалық іріктеуден өткен 7-10-сынып оқушылары жиналды. Бірнеше күн бойы шеберлік дәріс тыңдап, тәжірибелік сабақтарға қатысты. Одан соң экспедициялық жорыққа аттанды.

3 топқа бөлінген 200 бала 3 бағытта жолға шықты. Күршім ауданына аялдаған 70 оқушы алдымен  Мойнақ шатқалындағы петроглифтер галереясын тамашалады. Көрмеде тарғыл тастарға қашалған 3 мыңға жуық көне сурет бар. Жас ғалымдар жұмбағы мол құпиялы таңбаларға зер салып, олардың тарихи маңызы жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.

Медеу Ахмадиев, жас ғалым:

- Осы петроглифтер бізге құпия болып келгенімен, біз кішкене болсын тарихымызды одан әрі жалғастырып, зерттеуімізді жүргіздік деп ойлаймын.

Күршімде шалғайдан келген қонақтарға «Киін Керіш» деп аталатын жерді көрсету дәстүрі бар. Жаздың аптапты күндерінде қызыл сазды жартастар мен жарлар алыстан сағымданып алаулап жатқан жалынға ұқсайды. Бұл жерге шетелдік туристер де көп келеді.

Ирина Шеглова, гид:

- Балалар осындай жобалардың арқасында туған өлкені тереңірек тануға мүмкіндік алады. Олардың көбі мұндай жерлерді бұрын география пәнінен ғана оқыған. Ал, бүгін міне, өздері келіп, зор ықыласпен бәрін көріп, біліп жатыр. Оқушылардың слетын өткізу туралы шешім өте дұрыс болды деп ойлаймын.

Экспедициялық жорықтың 3-ші күні оқушылар Марқакөлді тамашалап, мемлекеттік табиғи қорық жұмысымен танысты. Туған өлкенің таңғажайып табиғатына тамсанып, таңдай қаққан жас өрендер ғылыми жобаларына тың материал жинай жүрді. 

Гүлжан Елемесова, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы директорының орынбасары:

- Бұл оқушылардың ғылыми жұмыстарының негізінде туған өлке табиғаты, тарихы жатыр. Келешекте жоба қорғау барысында, осы аймақтарды аралау кезінде, көзбен көрген деректерді, құлағымен естіген мәліметтерді ғылыми жобаларына арқау етіп, үлкен бір жобаны қорғап шығады деген сенімдеміз.

«Менің Отаным - Қазақстан» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шараның бірі. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған жас зерттеушілер республикалық слетқа қатысады.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу