Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Туған елім-тірегім» атты жерлестер форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Туған елім-тірегім» атты жерлестер форумы өтті

08.12.2017

200-ден аса адамның басын қосқан алқалы жиын ашық пікірталас алаңына айналды. Онда белгілі сарапшылар мен Ақжайық өңірінен шыққан танымал тұлғалар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Бүгінгі форум пікірталас форматында өтті. Қызу талқыланған тақырыптардың бірі – білімнің құндылығы. Қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. «Елбасының мақаласында айқындалған 6 басым бағыттың бірі де осы – білімнің салтанат құруы. Бүгінде әр адам білімін тиімді пайдалана білуі керек», десті сарапшылар.

Саясат Нұрбек, саясаттанушы:

- Қазіргі таңда жалпыұлттық білім беру жүйесінде үлкен өзгеріс болуы тиіс. Біз оларды креативті, жаңа бір шешімдер табуға, инженерлік шешімдер табуға, стандартты емес ойлай білу қабілеттерін дамытуға, әсіресе, абстрактілі ойлай білуге бағыт беруіміз керек.

«Рухани жаңғыру – қалыптасқан көзқарастарды жаңғырту, ұлттық өнерді ұлықтау», - деді өз кезегінде қазақстандық танымал актер Тұрсынбек Қабатов. Ал, әлемдегі ең биік 14 шыңды бағындырған альпинист Мақсат Жұмаев «Әркімнің өз Эвересті бар» деп жастарды биік белестерге жігерлендірді. Мақалада айтылған прагматизм бағытын жүзеге асыру бойынша да жастардың өз жобалары бар.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының жетекшісі:

- 2017 жылы Президент «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласында  прагматизмді басты бағдар ретінде қойған кезде біз қатты қуандық. Себебі, қазіргі таңда бізге қазақстандық прагматизм моделі жетіспей тұр. Біз сол сұраққа жауап табатын үлкен жобаны бастағалы отырмыз.

Құнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылған жиын түс ауа жобалар көрмесіне, семинар-тренингтер мен меценаттар форумына ұласты. Биыл облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында құны 2,5 млрд. теңге болатын 62 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Ал, келер жылы демеушілер бөлетін 1,5 млрд. теңге қаражатқа бірқатар тың бастамалар қолға алынбақ.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу