Қостанайда белгілі ақын Зинаида Чумакованың шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда белгілі ақын Зинаида Чумакованың шығармашылық кеші өтті

08.12.2017

Аталмыш шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Оған өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» үйі мұрындық болды.

Қостанай облысына қарасты Құсмұрын станциясында дүниеге келген Зинаида Чумакова Қазақстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист. Ұлты шешен сөз шеберінің есімі Қазақстанға ғана емес, Ресей, Шешенстан, Ингушетияға да кеңінен танымал. Шығармаларын орыс тілінде жазатын өнер иесі қазақ мәдениетін бойына сіңірген сан қырлы жан. Оның дәлелі - жырларында қазақтың салт-дәстүрін дәріптеген «Алтыбақан», «Шашу» сынды өлең жолдарынан аңғаруға болады.

Жанболат Кенжеғұл, кітапхана қызметкері:

- Жетістіктері бар ақын. Бүгінгі іс-шарада қазақ тіліне аударылған өлеңдері, әндерімен көпшілікті тамсандырып жатқан жайы бар.

Қаламгердің әрбір эссе, өлеңдері философиялық ойға құрылған. Оларда тәлім де, тағылым да бар. Ақынның шығармалары эстетикалық көркемдігімен, жазылу ерекшелігімен, әсерлі тілімен жүрек баурайды.

Зинаида Чумакова, ақын, жазушы:

- Араға 60 жыл салып, туған өлкеме келіп отырмын. Бұл аз уақыт емес, сондықтан, аса қобалжып тұрмын. Өткізіліп отырған шараға келген әрбір тыңдарманның жүрегінен орын таптым деп ойлаймын. Себебі, мен өз басымнан өткен өмірлік оқиғаларды жырлайтын жанмын.

Өлеңдері қазақ, шешен, поляк, украин, чех, беларусь тілдеріне аударылған Зинаида Чумакованың шығармашылық кеші өзінің туған жері Құсмұрында да өтеді.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу