Тәуелсіздік күніне орай Қайнар ауылының тұрғындарына жергілікті кәсіпкер тамаша тарту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күніне орай Қайнар ауылының тұрғындарына жергілікті кәсіпкер тамаша тарту жасады

18.12.2017

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Қайнар ауылының тұрғындарына жергілікті кәсіпкер тамаша тарту жасады. Елді мекенде осы күнге дейін балабақша түйінді түйткілдің бірі еді. Атымтай жомарт азамат өз қаржысына бөбекжай салып берді. Бұл - әлеуметтік саладағы игілікті істің бірі ғана. Жалпы, биыл қарағандылықтар барлық сала бойынша осындай жемісті жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

Қайнар ауылы - іргесі сөгілмей, тұрғындары тарамай, сақталып қалған елді мекендердің бірі. Тәуелсіздік жылдарында мұндағы атқарылған игі істердің бастауында жергілікті «Қайнар» шаруа қожалығы тұр. Мерекеге орай шаруашылық 60 миллион теңге қаражатын жұмсап,  балабақша салып берді.  Бұрын-соңды ауылда бөбекжай болмаған еді.

Сейітжаппар Нығметов, «Қайнар» шаруа қожалығының басшысы:

- Жастар болмаса, жұмыс жүрмейді. Сондықтан, осы балабақша мәселесін мойынымызға алған едік. Бұл «Рухани жаңғыруға» сәйкес туған жерге тарту болып отыр.

Бұл бір ғана мысал. Жалпы, ел Тәуелсіздігінің 26 жылы ішінде кенді өңір әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан толайым табыстарға қол жеткізді. Биылдың өзінде өнеркәсіп өсімі 4,1 пайызға артқан. Аймақтағы 11 шахта мен 9 разрез 23 миллион тоннадан артық көмірді қыр басына шығарды. Ал, ауыл шаруашылығында 210 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл - өткен жылғыдан 7 пайызға артық. Жылды осылайша табысты өткерген қарағандылықтарды салтанатты шарада облыс әкімі құттықтады.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Бүгінде мемлекетімізде тұрақтылық, бейбітшілік, тыныштық бар. Экономикамыз да дамып, адамдардың тұрмысы жақсарып келе жатыр. Тәуелсіздік рухымызды асқақтатып, болашаққа деген сенімімізді күшейтіп отыр.

Мерекелік шара аясында түрлі саланың майталмандарына мемлекеттік наградалар табысталды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Камали Дүйсенбековке, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа және кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкинге «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Жалпы, өңірдегі 9 қала мен 9 ауданда Тәуелсіздік күні мейрамы өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Биыл егемен еліміздің Тәуелсіздігіне - 26 жыл. Осы ширек ғасыр ел игілігі үшін тарихи шешімдерге толы болды. Барша Қазақстан халқы бірліктің, ынтымақтың және қажырлы еңбектің арқасында болашақтың берік іргесін қалады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу