Желтоқсаншылар жұрт жадында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Желтоқсаншылар жұрт жадында

18.12.2017

Ұлт намысының алдаспаны болған Желтоқсан көтерілісі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Ел егемендігінің бастауында тұрған осы оқиғаның құрбандары ел есінде болса, қатысушылары арамызда жүр. Сондықтан, алматылықтар жыл сайын «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, боздақтардың рухына тағзым етеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған зиялы қауым өкілдері мен желтоқсаншылар дәстүр бойынша бостандық жолында жанын қиған есіл ерлерді еске алып, құран бағыштады. Алматылық жастар ұйымдарының өкілдері де азаттық жолында арпалысқан желтоқсаншыларды құрмет тұтып, олардың естеліктерін тыңдады. Ал, елге танымал қоғам қайраткерлері желтоқсан тағылымын көпке үлгі ретінде айтып берді.

Марат Тоқашбаев, «Президент және халық» газетінің бас редакторы:

- Желтоқсан көтерілісі бүкіл өзгерістердің бастауы болды. Қазақ жастарының ерлігі - мәңгілік. Ол қазақ халқының рухы өлмегендігін көрсетті. Осы ерлік Қазақстан Республикасының өмірге келуіне, оның Тәуелсіздігіне сеп болды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ      

Хабарламаларға жазылу