Елбасының Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы үлкен ерлік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы үлкен ерлік

16.12.2017

1991 жыл 29-тамыз. Бұл - қазақ тарихында алтын әріппен жазылған күн. Өйткені, дәл осы күні Семей полигоны мәңгілікке жабылды. Иә, әлі де Кеңес үкіметі құрсауынан шықпаған кез. Бірақ, халықтың көз жасын тоқтату үшін ол кедергі емес еді. Бұл тәуелсіз, еркін шешім қабылдаудың алғашқы қарлығашы болды. Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қоюы арқылы үлкен ерлікке барды деп толық айтуға болады. Бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда, ядролық қаруды жойқын жарылысқа пайдаланудан гөрі атом энергиясын бейбіт мақсатта, жалпы, адамзат игілігіне бағыттауға болатынын түсіндірді.

Елбасы елді дүрліктіріп, жерді дірілдеткен ең ірі полигонның үнін мәңгіге өшіру үшін көзсіз ерлікке барды. Сөйтіп 1991 жылы 29 тамызда екі үлкен жетістікке қол жеткіздік. Алғашқысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы болса, кейінгісі ядролық қарудан бас тарту еді.

Мұның алдында халықтың жанайқайы «Невада-Семей» қозғалысында шықты. Олар «бейбітшілік үшін, тыныштық үшін», деген үндеу қабылдады. Десе де, қасіретке төтеп беру әсте мүмкін емес-ті. Себебі, Кеңес одағының құрамында болған аумалы-төкпелі кезеңде түрлі кедергілер келтіріліп, біршама қарсылықтар жасалғаны жасырын емес. Бірақ, елдің ертеңі мен ұрпақтың бейқам өміріне Нұрсұлтан Назарбаев атүсті қарай алмады. Сондықтан, саяси әрі тарихи шешім қабылдап жоғарыдағы Жарлыққа қол қойды.

Сайын далада 40 жыл тажал оғы атқылады. Жердің астан-кестеңін шығарып, асты мен үстінде 500-ге жуық жарылыс болды. Зұлматтан дала ғана емес, адамзат баласы да орасан зардап шекті. Қасірет басталысымен-ақ балалар өлімі жиілеп, аты жаман аурулар жабысты. Алайда, аждаһаның ажал алаңындай болған Семей сынақ полигоны жабылғанынан жаһан үлгі алды. Осылай Ресейдің жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ-тағы «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы әрі қытайлықтардың Лобнор ядролық сынақ алаңдары жұмысын тоқтатты. Түптің-түбінде әлемдегі қуаты жағынан төртінші саналатын ядролық арсенал АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып залалсыздандырылды. Осылайша, Қазақстан – бейбітсүйгіш ел ретінде төрткүл дүниеге үлгі. Ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысына айналды.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу