16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі» туралы заң қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі» туралы заң қабылданды

16.12.2017

16-желтоқсан. Осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Әрі мемлекетіміздің тұңғыш дербес қадамы да осы құжаттан бастау алады. Осы тарихи сәттен кейін кеудесін қуаныш кернеген ел ағаларымен президент 17-желтоқсан күні халықтың алдына шықты. Бұл Азаттықтың алғашқы таңы еді.

1991 жыл. 17-желтоқсан. Тәуелсіздік таңы. Қазақ халқы егемен, еркін, жер киесінде ел иесі болып оянған тарихи күн. Азаттықтың алғашқы таңы осы күнді аңсап, бодандықтың бұғауынан босап шығуға ұмтылған жастардың көтерілісі – Желтоқсан оқиғасына арналды. Солардың құрметіне Алматының Орталық алаңында жалпыұлттық митинг өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бауырларым, қадірлі қауым! Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың есінде қалып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай асулардың бірі – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Ұзақ жылдар бойы тұншықтырылып келген әділет үнінің алғаш рет ашық айтылғанына, жығыла жаздауға шақ қалған ұлттық намыстың қайта желбіреуіне 5 жыл толды. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне әділетсіз таңба түсіріп, халықтың ар-намысы таразыға салынған шын сағатта, сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыға білген жастарымыздың сол қайсар мінезі ұрпақтан-ұрпаққа жететініне өз басым еш күмәнданбаймын.

Желтоқсан желі ызғарлы болғанымен, ел егемендігін әкелген жаңа леп еді. Азаттық үшін алаңға шыққан жастар партиялық режимнің солақай саясатының құрбаны болды. Алайда, араға 5 жыл салып, Тәуелсіз Қазақстан Желтоқсан батырларын ақтап алып, есімдері мен ерліктерін жаңғыртты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық жерде ұлттық сана-сезім оянып, егемендіктің, Тәуелсіздіктің туы көтеріліп жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы таңын Алматының алаңында осылайша өкініші мен қуанышы қатар шарамен бастаған қазақ елі ертеңге деген үлкен сеніммен тарасқан еді. Осылайша, жаңа Президенті, Тәуелсіз елі бар Қазақстан халқы жаңа өмірге алғашқы қадамдарын басты. 1991 жылы 17-желтоқсанда атқан тәуелсіздік таңы болашаққа бастар бағдар болды.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу