Тәуелсіздік табысы – білімді ұрпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік табысы – білімді ұрпақ

15.12.2017

Егемендік жылдарында Қазақстан талай жетістікке жетті. Елмен бірге тәуелсіздік құрдастары да толып, жетіліп, аяқтарына нық тұрған азаматтар болды. Еркін елдің ерке жастары білім қуалап, үнемі ізденісте жүруді, алға ұмтылуды жөн көреді. Сондай Тәуелсіздік құрдастарының бірі – Дәурен Лесхан. Отандасымыз орда бұзар жасқа жетпесе де, ауыз толтырып айтарлықтай біраз шаруа тындырып үлгерген. «Назарбаев универститеті» мен шетелдерде білім алып, қазір жеке кәсіппен айналысып жүр. Отау құрып, отағасы атанды. Алға қойған жоспарлары да ауқымды.

Дәурен Лесхан, Тәуелсіздік құрдасы:

- Таңертең ерте тұрып, күні бойы энергияң таусылмас үшін жүгірумен, спортпен айналысу керек. Өйткені, сен таңды таза ауамен бастайсың, таңды табиғатпен бірге бастайсың. Күннің оянуымен бірге бастайсың. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» дейді ғой. Ырысың артық болады. Көңіл-күйің көтеріңкі болады. Жүгіріп келе жатқанда неше түрлі ойлар келеді. «Тоқтай салайын ба, үйге қайта салайын ба?» деген секілді. Бірақ, сен өзіңе мақсат қойдың, А пунктінен Б пунктіне дейін жүгіріп бару керексің. Өзіңнің ойымен, қиындықпен солай күресіп, аяғына дейін жетесің. Сондықтан, мақсатқа жету, қиындыққа мойымау дегенмен келетін секілді.

Мен өзім Жамбыл облысының тумасымын. Қарапайым орта мектепте оқып 9-сыныпқа дейін, Қазақ-түрік экономикалық колледжіне оқуға түстім. Ол колледжде жатақханада тұрдым. Таңғы 5-те тұратынбыз, осылай жүгірумен бастаймыз. Бір топ баламыз ол кезде. Таңғы 6-дан таңғы 9 дейін ағылшын тілін оқимыз. 9-да сабағымыз басталады. Кешкі беске дейін сабақ. Одан кейін біз жатақханаға бармай, физика, химиядан дайындалып, табандылық танытудың арқасында «Назарбаев университетіне» түстім.

«Назарбаев университетінде» белсенді болғандықтан, көзге түсіп, 2016 жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде Президент алдында жастардың атынан сөйлеу мүмкіндігі бұйырды. Өте үлкен құрмет болды мен үшін.

Сабағымыз да қалып кетпесін деп жақсы оқып жүрдік. Соның арқасында, еліміздің арқасында Америкаға оқуға бардым. Ол жерде жастар саясатын оқыдық. Сосын Францияға оқуға бардық. Шетелде қандай жағдай болып жатыр. Соның бәрін көргеннен кейін елге келгеннен кейін түсіне бастайсың. Мен де «енді елге не істей аламын?» деген сұрақ туады. Кішігірім бір проектіміз ойға келді. Америкалық тәжірибе бойынша. Студенттерді жаздыгүні, немесе басқа демалыстарда ауылға тәжірибеге апару. Ол оңай. Сол жерге барғаннан кейін сабақ береді балалар, тек қана сабақ беріп қана қоймай, одан кейін жастарды өзінің қамқорлығына алады. Білім және ғылым министрлігіне ұсындық, жауабын күтіп отырмыз. Оған қоса, демеушіні да тауып қойдық. Келер жылы анонсын жасап, жобаны жазда жолға қоямыз деген жоспар бар.

1991 жылы туғаныма өте қуаныштымын. Өйткені, Тәуелсіздік бізге сапалы білім алуға, ел көруге, жер көруге және идеяларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сондықтан, Қазақстан жастарын мен білімін тереңдетуге, еліміз үшін еңбек етуге шақырамын. Тәуелсіздіктің құрдасы Дәурен Лесханның үндеуі осы.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу