«ЭКСПО» халықаралық көрмесіндегі тың жобалардың бірін, алғашқы болып қолданысқа еңгізген -- Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданындағы «Волынский» шаруа қожалығы. Мұнда малдың органикалық қалдығынан биогаз өндіріп, сол арқылы жылу мен энергия алу ісі оң жолға қойылған. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысында айтылды. Жиынға ғалымдар, бизнес өкілдері , университеттердің және инновациялық орталықтардың басшылары қатысты. Жалпы, біздің ғалымдардың жобаларын отандық кәсіпорындар қуаттап, қолданысқа енгізе бермейді. Бұдан былай, бірегей жобаларды жүзеге асыру жергілікті билік назарында болмақ.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
- Мен әр тоқсан сайын жиналып тұруды ұсынамын. Үш ай ішінде орынбасарым жобаларды қарап, ішінен іріктеп, нақты ұсыныстар түсірсе деймін. Бүгін жиында көптеген инновациялық жобалар сөз болды. Біздің облыстың бұл бағыттағы келешегі зор. Сондықтан, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ