Бәйге түрлерінен Елбасы жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубогы аяқталды. Көрермен алты түрлі бәйгені тамашалады.
Ұшқыр бәйгеге бізден басқа сегіз елдің сәйгүлігі қатысты. Атап айтар болсақ, Польша мен Ресей, Солтүстік Осетия, Қырғызстан мен Өзбекстанның, Башқұртстан, Дағыстан, Қарашай-Черкестің сәйгүліктері бақ сынады.
Бұл қашықтықта он бес сәйгүлікті соңына тастаған «Карнеу» атты жирен айғыр алдына қара салмады Дағыстаннан Зайнал Салаутдинов бас жүлде – Кубок пен 50 мың долларды иеленіп, мерейі үстем болды. «Карнеумен» үзеңгі қағыса мәреден өткен Қырғызстан жүйрігі «Коммандер холлдың» иесі Малик Рахимбаев екінші орынға тиесілі 20 мың долларды қанжығасына байлап қайтты. Ал, үшінші орын біздің елдің «Кумания» атты жүйрігіне бұйырып, иесі Қанат Ақсақов 15 мың долларды иеленді. Төртінші жүлдеге тігілген 10 мың доллар «Палуан» атты сәйгүлік иесі, башқұртстандық Хасан Идиятуллинге берілді. Бесінші жүлде – 5 мың доллар «Даурия» атты бедеу қосқан Польшаның «Дамис» жылқы зауыты өкіліне тапсырылды.
Бұдан кейін атшабарға жиналған дүйім жұрт 25 шақырымдық аламан бәйгені тамашалады. Мәреден дара өткен Аырау облысының «Желқанат» атты жүйрігінің иесі Диас Рақымжанов «ЭКСПО»-ның бас кубогын жеңді. Оған қоса, оған 10 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Екінші орынға «Тасқын» атты Жетісу өңірінің жүйрігі ілікті. Алматылық Ернар Байбатыров 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Мәреден үшінші және төртінші болып өткен алматылық Әлнұр Назарбаевтың «Бұйражал» мен «Қозыкүрең» жүйріктері иесіне 2 миллион мен 1 миллионның бәйгесін бұйыртты.
Қашықтығы 7 шақырымға белгіленген жорға жарыста 25 аттың арасынан төмендегі бес жорғаның бағы жанды.
І орын – «Элвуд вэб» атты күрең жорға. Иесі – Ақмола облысының атбегісі Д.Волков «ЭКСПО кубогы» мен 1,2 миллион теңгені иеленді.
ІІ орын – «Эдельвейс» атты торы жорға. Астаналық атбегі С.Түсіпбековке 600 мың теңгенің жүлдесі бұйырды.
ІІІ орын – «Цеппелина» атты торы бие. Жорға бие иесі Те Элена үшінші жүлдеге 350 мың теңге алды. Ал, мәреден төртінші болып өткен «Гейгон» атты торы айғыр иесі оңтүстікқазақстандық Қ.Әділханға 250 мың теңгелік, бесінші орынға іліккен «Ұшар» атты жорға иесі К.Оспановқа 150 мың теңгелік жүлделер бұйырды.
15 шақырымдық топ бәйгеге 35 таңдаулы жүйріктің он шақтысы ғана шыдас берді. Бұл сәйгүліктер арасынан жүлделі болғандар:
Алматы облысынан келген Ә.Назарбаевтың «Сүлікқара» атты сәйгүлігі мәреден бірінші өтіп, иесіне бас жүлде - «ЭКСПО» кубогы мен 5 миллион теңгені бұйыртты. Екінші бәйгеге тігілген 2 миллион теңгені Батыс Қазақстан облысының «Ақкөз» атты жүйрік топ иесі А.Олжабаев олжалады. Үшінші жүлдеге тігілген 1 миллион теңге Алматы облысынан келген «Шырай» атты жүйрік иесі Ұ.Омаровқа бұйырды. Сондай-ақ, төртінші орынға іліккен Өскеменнің «Ғашық» атты жүйрік иесі Е.Сүлейменов 500 мың теңге, ал, бесінші болып мәреден өткен жамбылдық «Айгүл» атты торы бедеу иесі Т.Даушовқа 300 мың теңгенің жүлдесі табыс етілді.
Бесінші бәйге түрі «Құнан бәйге» болды. Екі жасар болашақ тұлпарлар 7 шақырымда сыналып, озып шыққан бес құнан иелеріне «ЭКСПО» кубогының жүлделері бұйырды. Олар:
І орын – «Доран» атты торы құнан. Иесі – А.Жұмабеков (Алматы облысы). Жүлдесі – «ЭКСПО» кубогы мен 3 миллион теңге.
ІІ орын – «Спортик» атты құнан. Иесі – Е.Жаппасов (Жамбыл облысы) Жүлдесі – 1,5 млн теңге.
ІІІ орын – «Мажор» атты құнан. Иесі – Н.Оразбаев (Астана қаласы) Жүлдесі – 1 миллион теңге.
ІV орын – «Азия» атты құнан. Иесі – Ә.Назарбаев (Алматы облысы). Жүлдесі – 500 мың теңге.
V орын – «Нектар» атты торы құнан. Иесі – Ә.Жұмағазы. Жүлдесі – 300 мың теңге.
Елбасы жүлдесіне арналған «ЭКСПО» кубогындағы бәйгенің соңында 1800 метр қашықтықтағы ұшқыр аттар жарысы өтті. Тағы да 16 сәйгүлік сынға түсті. Ұшқыр жарыста «Шаңтимес» атты торы жүйрік мәреден дара өтті. Сөйтіп, «Балтабек» шаруа қожалығының сәйгүлігі иелеріне «ЭКСПО» кубогы мен 50 мың долларды олжалатты.
Жарысқа бас-аяғы 150-жуық жүйрік қатыстырылып, бәйгенің жүлде қоры 100 миллион теңгеге жуық соманы құрады.
ulttyqsport.kz