Кез келген ауқымды шарада еріктілердің болуы - заңдылық. «ЭКСПО» басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар өз қызметтерін бастап кетті.
Елімізде волонтерлар үш топқа бөлінген. Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастырумен, «ЭКСПО» Ұлттық компаниясының қарамағындағы еріктілер және ақылы түрде келісімшарт бойынша қызмет көрсететіндер.
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбековтың айтуынша, қала бойынша 1500 ерікті іріктеліп, арнайы дайындықтан өткен. Олар Еуразия Ұлттық университетінің жатақханаларына орналастырылған. Еріктілерге күніне үш мезгіл тегін тамақ және жол жүру билеті қарастырылған. Олар теміржол вокзалдарында, әуежайда, қонақ үйлер мен саябақтарда және арнайы қызметтердің бәрінде көмек көрсетеді. Сондай-ақ, оларға әкімдік тарапынан арнайы жеңілдіктер де бар.
Астанаға келген еріктілер арасында шетелдік студенттер мен «Болашақтықтар» да бар. Олар алты тілді еркін меңгерген. 18 жасқа толмаған еріктілер ата-аналарының рұқсатымен қабылданған. «ЭКСПО» көрмесі мен қала ішінде көмек керек кезде бірыңғай формадағы еріктілерді бірден тануға болады. Астанада алдағы үш ай бойы жалпы саны 6 мыңдай ерікті қызмет етеді.
Саламат ОМАШ