Италиялық кәсіпкерлер EXPO-2017 көрмесіне қатысуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италиялық кәсіпкерлер EXPO-2017 көрмесіне қатысуға ниетті

10.02.2014
Италиялық кәсіпкерлер  EXPO-2017 көрмесіне қатысуға ниетті
EXPO-2017 көрмесі - Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына сеп болатын маңызды шара. Осындай пікір білдірген италиялық кәсіпкерлер көрмеге белсенді қатысамыз деп құлшынып отыр.
 
Еуропалық бизнесмендер шараға дайындық кезеңінде Астананың инфрақұрылымын дамытуға атсалыссақ, деген ниетте.
 
EXPO -2017-ге дейін Астананы адам танымастай етіп өзгертуге өз үлесін қосқысы келетіндердің бірі - Франческо Марколини. Ол басқаратын «Zеtema» компаниясы Италиядағы  үздіктердің қатарында. Римдегі көне ғимараттар, тарихи ескерткіштер мен мұражайларды қайта қалпына келтірумен айналысады.
 
Түрлі мәртебелі шаралар ұйымдастырып, елдің туризм  саласын дамытуға атсалысып отыр. Яғни, компанияның тәжірибесі де, қаржысы да жетеді. Ендігі мақсаты - оны Қазақстанда тиімді пайдалану.
 
Франческо Марколини,  «Zеtema» компаниясының президенті:
Қазақстанда туризм экономикасын дамытуға берік негіз болатындай бірегей табиғи құндылықтар, тарихи және мәдени ескерткіштер көп. Бұл - Қазақстанды халықаралық туризм мен туристік бизнес орталығына айналдыруға таптырмас мүмкіндік. Қазақстандық компаниялармен осы бағытта және EXPO көрмесіне дайындық кезеңінде бірқатар жобаларды жүзеге асырғымыз келеді.
 
Франческоға Қазақстаннан серіктестер табуға еліміздің Италиядағы Елшілігі көмектесіп жатыр. Дипломатиялық өкілдік жақын күндері Астанадағы көрмеге қатысқысы келетін жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізеді.
 
Андриан Елемесов, ҚР Италия, Сан-Марино және Мальта елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі:
Екі елдің қатынасындағы ең басты ынтымақтастық жұмысымыз ол - Милан мен Астанада өтетін көрмелер. 2400 шаршы метр  жер алдық. Онда  Қазақстанның павильондары болады. Миландағы көрмеге Қазақстанның қатысуы - қуантарлық жағдай. Астанадағы көрме де өте биік деңгейде өтеді, деп ойлаймын. 
 
Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бүгінде қарқынды дамып келеді. Екі елдің тауарайналымы қазір 16 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Тараптар 2015-те Миланда, ал 2017-де Астанада өтетін EXPO көрмелері алыс-берісті еселеуге септігін тигізеді, деген сенімде.
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу