Биыл қазақстандықтар түгел электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл қазақстандықтар түгел электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етіледі

19.02.2019

Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгін Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндау барысында айтты. Мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда 16 млн-нан астам ел тұрғынында электрондық денсаулық паспорты бар.

Бұл денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында мүмкін болып отыр. Қазір медициналық ұйымдардың барлығы қағазбастылықтан арылған. Яғни, мекемелердің 99,2 пайызы электронды құжат беруге көшкен. Бұдан бөлек, дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту де азайған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Дәрігердің қабылдауына бару, сағаттап кезек күту екі есе азайды. Ал, анализдердің қорытындысын алу уақыты 2,5 есеге дейін төмендеді. 2019 жылы электрондық денсаулық паспорттарымен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2018 жылы денсаулық сақтауды цифрландырудың экономикалық тиімділігі 37,8 миллиард теңгеге бағаланады.

Дегенмен, цифрландыру саласында кемшіліктер де жоқ емес. Мемлекеттік органдар мен жергілікті биліктің өзара байланысы жоқ. Әркім өзінше жұмыс жүргізіп жатыр. Ал, бұл цифрландырудың әлеуетін бағалауға кедергісін келтіріп отыр. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тиісті мониторинг жүргізуді және цифрлық теxнологияларды қолдануға талап қоюды қадап тапсырды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу