Келер жылдан бастап еліміздегі архивтер цифрлық жүйемен жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылдан бастап еліміздегі архивтер цифрлық жүйемен жұмыс істейді

28.11.2018

Келер жылдан бастап еліміздегі барлық архив цифрлық жүйемен жұмыс істейді. Ол үшін бірыңғай электрондық портал ашылып, құнды құжаттар сонда жинақталмақ. Бұл туралы Елбасы ұсынған «Архив-2025» бағдарламасын талқылаған мамандар айтты. Алматыдағы кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивіндегі жиында бағдарламаның алғышарттары бекітілді.

Қазір елімізде құнды құжаттар сақталған 200-ден астам архив бар екен. Солардың бірі – Алматыдағы кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар қоры. Мұнда мыңдаған фото мен бейнетүсірілім, аудиожазба сақталған. Қазір солар толықтай цифрлы форматқа көшіліріліп жатыр.

Тасқын Тойбаев, «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ директоры:

- Біз архив қорын 90 пайызға дейін цифрлық нұсқаға ауыстырғанбыз. Цифрландыру жүйесінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Қазіргі таңды облыстық архивтердегі кино-фото материалдарды цифрландыру мәселесімен айналысып жатырмыз.

Елбасының бастамасын жүзеге асыру мақсатында қазір көрші елдердің архивтерімен байланыс орнатылуда. Мысалы, Ресейдің архивінде сақталған құжаттар негізінде «Түрксіб – бірінші бесжылдықтың ұлы құрылысы» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Мұнда елімізге келген бірінші пойыздың, Қазақстанда салынған алғашқы теміржол станциясының суреттері қойылды.

Еңлік Толықбаева, Ғылыми-анықтамалық аппарат бөлімінің басшысы:

- Жақында ғана өзіміздің өңірлік архивтерден бөлек, Қырғыз Республикасының архивімен меморандумға қол қойдық. Ол жақтағы Қазақстанға қатысты құжаттарды келесі жылдан бастап ала бастаймыз.

Келер жылы ТМД-дағы барлық елмен байланыс орнату жоспарланған. Сол арқылы Қазақстанға қатысты құнды құжаттар тегін алынады. Ал, ол тарихты зерделеймін деген ғалымдар үшін тиімді. Өйткені, таптырмайтын құжаттардың бәрі бірыңғай электрондық порталға жүктеліп, көпшілікке қолжетімді болмақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу