Атыраулық оқушы ғаламтор байланысын орнатудың жаңа әдісін ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық оқушы ғаламтор байланысын орнатудың жаңа әдісін ойлап тапты

22.11.2018

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы ғаламтор  байланысын орнатудың  жаңа әдісін ойлап тапты. Бірегей жоба нәтижесінде кәдуілгі жарық шамдарын кең жолақты интернет алмастырғышқа айналдыруға болады. Өнертабыс тәжірибе  кезінде өз тиімділігін көрсеткен.

Арсений теңдессіз құрылғыны 2 жылда жасап шықты. Зияткер оқушы өз туындысын болашақтың технологиясы  болады деп сенеді. Тың құрылғының  кереметі ақпаратты диодты  шам арқылы кедергісіз тасымалдауға болады.

Арсений Кан, Назарбаев зияткерлік мектебінің  11 сынып оқушысы: 

Шындығында бүгінгі қоғам ғаламторға тәуелді. Сол себепті, мен осы бағытта бірегей құрылғы ойлап таптым. Оның көмегімен, интернет желісін түрлі шамдарға ауыстыра аламыз. Нәтижесінде, көшедегі бағананың жарығы арқылы да бір құрылғыдан екінші құрылғыға ақпарат жолдауға болады.

Ғылыми жұмыстың артықшылығын осы бағыттағы мамандар да  мойындап отыр. Әмбебап құрылғыны түрлі өндіріс ошақтарында да пайдалануға болады.

Қазыбек Әзербаев, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

Жоба болашақта қандай жерде қолданылуы мүмкін? Мұнай өңдеу зауыттарында, судың астында. Жалпы, жарық  қай жерге барады, сол жерде ақпаратты жіберуге болады.

Жоба ойдағыдай  жүзеге асса, қондырғының  жылдамдығы секундына 5 Мбит болмақ.  Бұл дегеніңіз, әдеттегі ғаламтор таратқышпен тең көрсеткіш.

Арсений Кан, Назарбаев зияткерлік мектебінің  11 сынып оқушысы: 

Жоба қауіпсіз әрі тиімді. Мәселен, жарық төңірегінде тарайтын ақпарат, қараңғы жерде лезде тоқтатылады. Тағы бір ерекшелігі, құрылғы  базалық станцияларда  тәулік бойы жұмыс істейді және энергия қуатын көп шығындамайды. Керісінше  50 пайызға үнемдейді.

Бастаманы жандандыру үшін инвестор қажет. Сонда ғана, ғаламтор таратудың жаңа әдісі ел игілігіне жарамақ.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу