Теміржол билетінің тапшылығын жоюға құзырлы орындар дәрменсіз болып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміржол билетінің тапшылығын жоюға құзырлы орындар дәрменсіз болып отыр

14.07.2019

Отарбада орын болса да, оған мінетін билет жоқ! Бұл еліміздегі пойыздарға билет іздеп сабылған жолаушылардың 30 жылдан бері айтып жүрген жырынан үзінді. Ал бұл жырларды жинақтасаң том-том кітап басып шығаруға болады. Негізі теміржол билетінің жетіспейтінін үкіметте жүрген шенділер де, үйде отырған бала-шаға да біледі. Бірақ ширек ғасырдан асса да бұқараның үні жоғарыға өтпей, жауапты мамандар мәселені шешудің тетігін таппай келеді. Сондықтан билет таппай тентіреген жұрт кімнен көмек сұрарын білмей дал. Жолаушыларды тасымалдайтын мекемелерге тиесілі кассалардың табалдырығын тоздырған көпшіліктің «діттеген жерімізге уақытылы барып-келіп, теміржолдың игілігі халыққа ортақ, әрі қолжетімді болса» деген тілегінен басқа арманы жоқ бүгінде. Теміржол бекеттерінің ішіндегі жоқшылықты да, сыртындағы сауда нарығын да бірнеше күн жалықпай аралаған тілшіміз Нұрлан Асқарұлы ой салар біраз оқиғаға куә болды. Өйткені, теміржол саласындағы мұндай бассыздықты жоюға құзырлы орындар дәрменсіз. Олардың ресми жауаптарына етіміз әбден үйреніп барады. Мұны бұрын бабаларымыз: «Ит үреді, керуен көшеді,"-деп айтқан. Ал қазіргі технологияның тілімен айтсақ пойыз жүреді, ебін тапқан мінеді. Рас, қулығына құрық бойламайтын алыпсатарлардың вокзал маңын торуылдайтынын біз де күн сайын естиміз. Дегенмен, оны көзбен көрмеген соң, сену қиын әрине. Енді тізгінді сол билет саудасының нарығында ой парықтаған тілшінің өзіне берейік.

 

Хабарламаларға жазылу