Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер жасады

16.06.2019

Сайлау өтісімен, көпшіліктің назары саясат сахнасындағы өзгерістерге ауды. Президенттік лауазымға ресми түрде кірісе сала Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйіске білек түре кірісіп кетті. Ең алдымен ол Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімін тағайындады.  Миллионнан астам халқы бар бас қаланы енді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 41 жастағы Алтай Көлгінов басқарады. Мемлекет басшысы оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, халық алдында беделді мамандардың бірі екеніне тоқталды. 

 

Көлгінов 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кейін Орал қаласының әкімі болса, 2016 жылы тұтас батыс өңірдің тізгінін қолға алды. Ақжайықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Шалғай елді мекендердің мәселесін назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Теректі ауданындағы тұрғындар 20 жыл бойы күткен Мәдениет үйі Көлгіновтың тұсында пайдаға берілді. Көлгінов көпшілікке ашық әкім. Айтпақшы, жаңа қызметке кірісерден бірер сағат бұрын ғана ол инстаграмдағы парақшасында Батыстағы шұрық-тесік жолдарды жөндеу жұмысын бастағанын жариялап еді, бірақ аяқталуын күтпей, қызметі ауысып кетті. Есесіне, елордалықтар жаңа әкімнің халықпен тығыз байланыс орнататынына сенімді. Әрине, 650 мыңға жуық тұрғыны бар Батысты бас қаламен салыстыруға келмес. Бірақ, жаңа әкім келген бойда Фейсбук желісінде жеке парақша ашып, тұрғындардың барлық өтініші мен ұсынысын қарауға уәде беріп үлгерді.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу