Қазақ сарбаздарының тағы бір легі Ливанға аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ сарбаздарының тағы бір легі Ливанға аттанды

12.05.2019

Бұл - Таяу Шығыста бітімгерлік миссиясын орындауға бекінген екінші рота. Ал, Ливанға өткен жылдың қазан айында кеткен қазақ жауынгерлері елге ертең қайтады. Екінші топ соларды алмастырады. Бұл жігіттердің де міндеті – талай жылдан бері құты қашып, тыншымай тұрған елдегі тәртіпті қадағалау.

Қазақ сарбаздарының бітімгерлік мақсатта бөгде жұрт, бөтен елге алғаш баруы емес бұл. 1992 жылы 100 адамы бар батальон тәжік-ауған шекарасына аттанды. Ол кез Тәжікстаннан тыныштық қашқан шақ еді. Біздің әскерилер ол елде 2001 жылға дейін болды. Осы уақыт ішінде 8 мыңнан астам қазақ сарбазы Таулы Бадашхан аймағын күзетті. Бұдан кейін 2003 жылы 290 сарбазымыз Ирактағы операцияларға қатысты. Жауынгерлер ол жақта 5 жыл ішінде 4 миллионға жуық жарылғыш заттың көзін жойған. Ал, 2014 жылы қазақстандық бітімгерлер Батыс Сахараға Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясында жолға шықты.

Сондай-ақ, 2015 жылы біздің жігіттер Кот-д`Ивуар еліне де барып келді. Ал, былтыр 120 сарбаз Ливанға аттанды. Кеше тағы 120 жауынгер атқа қонды. Өйткені қазір Ливандағы саяси аласапыран басылмай тұр. Израильмен шекарадағы шиеленіс әлі шешілмеді. Жерге талас жек көруге ұласты.

Сонымен, Ливан сапары қаншалықты қауіпті? Біздің жігіттердің негізгі миссиясы қандай? Бітімгерлік ротасы қалай жасақталды, жігіттер қалай іріктелді? Аманкелді Сейітханның репортажы.

Хабарламаларға жазылу