ҚР Президенті осы аптада ерлігі еленген сарбаздар мен офицерлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Президенті осы аптада ерлігі еленген сарбаздар мен офицерлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды

12.05.2019

Қаупі сейілмеген Сирияға барып-келудің, адасқан қандастарды алып келудің өзі ерлік. Жалпы, қазақта ерлік ұғымының мән-мазмұнын ашатын айбын, айбар дейтін түсінік бар. Біздің айбынымыз бен айбарымыз - әскер. Орманымыз халық болса, қорғанымыз - әскер. Олардың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» болғаны керек.

Қазір жарау атқа мініп алып, жалаң қылышпен жауға шабатын шақ емес, бүгінгі заман сарбаздан алдымен бес қарудың бүтіндігін сұрайды. Әскери әлеуеті мықты ел ешкімнің алдында еңкеймейді, тізерлемейді. Қазақстанның Қарулы Күштеріне биыл- 27 жыл. Тарихтан мәлім, 1992 жылдың 7 мамырында Елбасының №745 Жарлығы шығып, кеңестік кезеңнен қалған барлық әскери нысандар Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамына енгізілді. Бүгінде күш-қуаты осал соқпас айбынды әскеріміз бар.

Осы аптада Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы ерлігі еленген сарбаздар мен офицерлерге Ақордада дәстүр бойынша мемлекеттік наградаларды тапсырды. Қолбасшылар корпусы жаңа генералдармен толықты. Марапат алғандардың ішінде адам өмірін арашалап қалған бейбіт күннің батырлары да бар. 7 мамыр – әскерилердің өміріндегі ең маңызды күн ғой. Ол күннің Ақордада қалай өткенін Дулат Абибуллаев айтсын.

Хабарламаларға жазылу