Ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап жүргізуші куәлігін бермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап жүргізуші куәлігін бермейді

05.05.2019

Соңғы жылдары халыққа қызмет көрсететін орталықтардың жұмыс сапасы артып, сеңше соғылып, сергелдеңі түсетін халықтың бір сабаға түскенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Тіркеуге тұру, жеке бастың құжатын рәсімдеу, анықтама алу дегеніңіз қазір қас-қағым сәтте, лезде жүзеге асады. Бұрынғыдай бұралаңы жоқ. Тек мамандандырылған орталықтарға барсаңыз ғана, басыңыз қатып, біраз жүгіретініңіз рас. Енді Үкімет бұл бұлтарысты да түзетіп, сәтін салса, 1 шілдеден бастап көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және оны алу үшін өткізілетін емтихандарды түгел кәдуілігі ХҚКО-лардың құзырына береді. Яғни, бұған дейін полиция мамандары араласқан қызметті енді орталықтағы мамандар көрсетеді. Демек, мамандандырылған ХҚКО-ларда сумаңдап жүретін делдалдардың әрекеті біржолата жойылып, жеңұшымен жалғасқан жемқорлық жойылып кетпесе де, кемиді деген сөз.

Қазір Қазақстанда мамандандырылған 16 қызмет көрсету орталықтары мен олардың арнайы 6 секторы бар. Бұл орталықтардың қарамағына тағы 54 тіркеу және емтихан алу бөлімшелері кіреді. Былтыр елімізде жүргізуші куәлігін алған 916 мың тұрғынның 541 мыңына арнайы мамандандырылған орталықтар қызмет көрсетсе, барлық тіркелген 2,4 миллион көліктің 1,8 миллионын тағы осы орталықтар рәсімдеген. Осылайша тіркеу және емтихан алу бөлімшелері көрсететін қызмет түрі күрт кеміп кеткен. Осыны ескерген Үкімет состиып отыратын әкімшілік полицейлерді орталықтардан ығыстырып, арнайы электронды алаң ашады. Олар ХҚКО-да отырмай-ақ, сол алаң арқылы тіркеу, емтихан қабылдау және тексеру шараларын электрондық жүйемен жүзеге асырады. Бәрі дұрыс болса, құжатты бірден халыққа қызмет көрсету орталықтарына жібереді. Осылайша, халықтың тағатын тауысып, шаршатпайды. Уақыт қысқарады. Жаңа жүйенің тың жаңалықтары жайлы Индира Бегайдар айтып берсін.

Хабарламаларға жазылу