Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастауы әлем медиасының да назарын аударды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастауы әлем медиасының да назарын аударды

07.04.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастауы әлем медиасының да назарын аударды. Жаһанның көптеген азулы ақпарат құралдары жан-жақты ақпарат беріп, кейбірі тіпті сапардың мәні туралы сараптамалық мақалалар басқан.

Мәселен, «Вашингтон постта» «Қазақстанның лидері Тоқаев алғашқы шетелдік сапармен Мәскеуде» деген материал жарық көрген. Онда Тоқаев Назарбаевтың Ресеймен берік ынтымақ стратегиясын жалғастырады, батыс елдерімен де байланысты арттырады деген ой айтылады.

Ал «Жапон-таймс» болса, «Путин Қазақ басшысымен әскери және ядрлолық ынтымақтастық туралы әңгімелесті» деген тақырыппен мақала жариялаған. Автор Қазақстанның жаңа президентінің алғашқы сапарын Ресейден бастауын «екі ел арасындағы тығыз байланыс сақталып, ары қарай жалғасатынын көрсетеді» деп топшылайды.

Оған мысал ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «екі ел арасындағы жан-жақты диалог пен стратегиялық бағытты жалғастырам» деген сөзі мен кездесуден соң ақпарат құралдары алдында Ресей президенті Путиннің «Біз әріптестіктің жаңа форматына көшуді ұсынамыз» дегенін мысал ретінде келтіреді.

Ал бауырлас түрік елінің ең үлкен мемлекеттік ақпарат агенттігі «Анадолу ажансы» «Путин мен Тоқаев Астана процессін талқылады» деген материал берген. Онда Путин Астана процессі аясында Сирия мәселесін бейбіт реттеу үшін Қазақстаның қажыр-қайратына ризашылығын білдірген делінген.

Сонымен қатар, мақалада Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекет арасындағы байланысты күшейткеніне тоқталған Путиннің Тоқаевтың сапарынан кейін де көп жақты әріптестік байланыстардың артатынын айтқаны туралы жазады.

Автор сондай-ақ, өз кезегінде Тоқаевтың да «Менің міндетім Ресеймен арадағы байланыс пен қазіргі стратегияны одан ары жалғастыру. Халқымыздың арасындағы достық әлеуетті арттыру үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын» деген сөзін берген.

Хабарламаларға жазылу