Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы аптада туған мекеніне сапарлап, жерлестерімен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы аптада туған мекеніне сапарлап, жерлестерімен жүздесті

07.04.2019

Туған жердің жусаны жұпар татиды.  Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы аптада туған мекеніне сапарлап, жерлестерімен жүздесті. Бұл жүздесудің табиғаты бөлек. Елбасы жыл он екі айда қаншама қабылдаулар, екі жақты кездесу, түрлі кеңестер өткізеді. Алайда, мұндай кездесулер сирек болады. Себебі, олардың арасында Елбасыға есеп беріп, тың тапсырмалар арқалайтын саясаткерлер жоқ. Әрбір сөзден  сыр аңдып, аз отырып көп сынайтын шетелдік меймандар да емес. Аңқылдаған ауылдастардың жолығуы.

Қысқасы, Алматы облысы, Қарасай ауданының Шамалған елді мекеніндегі 3 мыңнан астам ауылдасы Нұсұлтан Назарбаевты ыстық ықыласпен қарсы алды. Елбасы «Елбасы» екенмін демей, ел-жұртпен емен-жарқын әңгімелесті. Өткен-кеткенді айтып, шер тарқатты. 

«Туған ауылыма келген сайын әрқашан балалық шағымды жылы сезіммен еске аламын» деді. Сосын жұртшылыққа табыс тілеп, Отан, ел жолында еселі еңбек етуге шақырды. «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткен шарадан Алмат Әбдіраман. 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу