Қазақстанда ажырасу саны өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ажырасу саны өскен

17.02.2019

Таяуда өткен жылдың қорытындысын жасаған Статистика комитеті еліміздегі халықтың табиғи қозғалысы туралы мәліметті жариялады. 2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. Өткен жылдармен салыстырғанда едәуір аз. Есесіне ажырасушылардың саны көбейіп кеткен. Мына кестедегі соңғы онжылдықты қамтититын ресми мәлімет сөзімізге дәлел. Қараңыз, 2010 жылы 146 мыңдай неке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажырасыпты. Одан кейінгі жылдардағы статистика да осылай жалғасады. Неке саны артқан сайын, ажырасушылар да артып отырған. Ал, былтыр, керісінше отбасын құрушылар саны 137 мыңға бір-ақ түсіп, есесіне ажырасу рекордтық көрсеткішке жетіпті. 54 797. Осынша отбасының шаңырағы шайқалған.

Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықта екенбіз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 пайызға жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Танымал америкалық әлеуметтанушы Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады екен. Ал, қазақстандық этнографтар бұл лаңның бізге XX ғасырдың орта тұсында келгенін айтады. Мәселен, 50-інші жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80-інші жылдары әрбір төртінші, ал 90-ыншы жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. Ал, қазір екінің бірі. Қыздарын малға сатты деп айыпталған бұрынғы қазақ қоғамында да некенің бұзылуы деген атымен болмаған. Қазақта ажырасу деген түсінік болған жоқ. Енді әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген бүгінгі заманда неге бұл көрсеткіш артып барады?

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу