25 жылда қазақтың төл ақшасы қалай құбылды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25 жылда қазақтың төл ақшасы қалай құбылды?

18.11.2018

Қайран біздің теңгеміз осы уақытқа дейін не көрмеді?! Талайды бастан кешті. Әуелгі қарқын керемет еді. Ленин бейнеленген орыстың сабан ақшасы әл-Фараби бастаған бабаларымыздың суреті басылған теңгенің жанында түкке тұрғысыз болып қалды. Сапасыз сары қағазға айналып шыға келді. Сол кездегі теңгенің бағамы 1 долларға шаққанда 4 теңге 75 тиыннан болатын. Бірақ, нарық дегенін істейді. Іле-шала дүркін-дүркін инфляция болып, теңгенің тынысын тарылтты. Бірер мәрте сүрініп тұрды, құлаған жоқ. Түрленді, түледі. Қорғаныш қабілеті жетілдіріліп, кескін-келбеті өзгерді. Кейін бабаларымыздың суреті бар банкноттар қолданыстан шығып, басқалар орнын басты. Арасында Ұлттық банкті басқарған ұлықтар «Қ» мен «К» әрпін шатастырып, қателік те жіберіп еді. Қысқасы, қазақтың ақшасы өзі секілді өмір сүруге бейімді, шыдамды екен. Теңгесімен үйіндегі тентегі ғана ойнайтын, өздері доллармен сөйлейтін бай-бағландарды қайдам, күніге мыңды алып, жүзін берсе де байымайтын қарапайым жұрттың бары да, нары да теңге. Көп қағаздан, әлгі айтқан «көк қағаздан» құнсыз болса да, теңгенің қадірі артық. Себебі, ол біздің Тәуелсіздігіміздің тірегі, экономикамыздың жүрегі. Жалпы, дүниежүзінде валютаның 157 түрі бар екен. Олардың ішіндегі ең танымалы - франк. Өйткені, әлемнің 34 мемлекетінде осы валюта жүреді. Осыдан екі жыл бұрын британдық «The Telegraph» басылымы әлемдегі ең әдемі банкноттардың рейтингін жасады. Тізімде алғашқы орынды Қазақстанның ұлттық валютасы алды. Купюра - тау фонындағы қар барысы бейнеленген 10 мың теңгелік. Сонымен, 1993 жылдан 2018 жылға дейін қазақ ақшасы қалай құбылды?

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу