Осы аптада Астанада ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті

11.11.2018

Қазақ «сауысқаннан сақ» деп сипаттағандай, әлденеден секемденбейтін, қорғанбайтын, қауіптенбейтін мемлекет болмайды. Жалғыз шауып, жауды түсіретін заман өткен, қымтанып жатып алғаннан да қайыр жоқ. Қора аңдыған көкжалдай болған қауіп пен қатер бүйірден түрткілеп бәрібір тыныштық бермейді. Қайтпек керек?  Бүгінде кімнің болмасын зәре-құтын қашырған терроризм, экстремизмдер пайда болмай тұрып-ақ, ТМД-ға мүше елдердің басшылары осы сұраққа жауап іздепті. 1992 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей ойласа келе қиын-қыстау кезде бір-бірімізге сүйеу болғанымыз жөн деп шешті. Осылайша, Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойды. Бір жылдан кейін Әзірбайжан, Грузия, Беларусь қосылды. Ал, 2002 жылы осы шарт негізінде ҰҚШҰ деп аталатын бірлестік құрылды. Бүгінде бірлестік мүшелерінің саны бұрынғыдан аздау, бұған дейін Әзірбайжан мен Грузия бас тартса, 2012 жылы ма екен, Өзбекстан ат құйрығын кесті. Бірақ, сан азайғанымен сапа кеткен жоқ. Әзірге ешбір әскери қақтығысқа салып сынап көрмесе де, өзінің жедел әрекет етуші күштері бар. Ұйымға мүше алты елдің аумағында қандай да бір қарулы қақтығыс болса, сол жасақ алдымен атқа қонады. Осы аптада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өзегі саналатын ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан және Армения елдерінің Мемлекет басшылары қатысқан алқалы жиында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік жайы, сондай-ақ, өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды. Халықаралық басқосуда президенттер бірнеше маңызды құжатқа да қол қойды.

 

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу