Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Сауда министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Сауда министрімен кездесті

28.10.2018

Америка құрама штаттары. Жаһанда жайдың атқан тасындай құдіретті, ықпалды һәм жуан мемлекет. Жалғанды жалпағынан басқысы келетін қанға сіңген алапат амбициясы бар. Бір елдерге кірпідей жиырылып, қырын қарайды, енді бірін құшақ жайып, жолдас санайды. Біреумен дос, біреумен қас. Табиғи ресурстарға бай елдерге қой көрген көкжалдай жұтына қарайтын қасиет, саясат – билікке тарпаң мінезді Трамп келсе де өзгерген жоқ. Сол баяғы АҚШ. Қанша сынағанмен, сыбағанмен, әлем мойындайды. Жаһандық саясатта ол лидер. Лидермен дос болсаң, төңірегің де тыныш.

Қазақ Президенті алыстағы АҚШ-қа сапарлап барғалы тоғыз ай өтті. Сапардың саяси салмағы, шабыс, қол жеткен табыс, айтулы алты келісім, әсер әлі ауыздыға сөз болып жүр. Ал, осы аптада Қазақстанға АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росс келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Росстың сапары алып державаның тек Қазақстанмен емес, Орталық Азия өңірімен ынтымақты арттырып, экономикалық байланыстарды бекемдеуге септігін тигізбек. Кездесуде тараптар АҚШ пен Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қарым-қатынасын талқылады. Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның көпвекторлы саясат жүргізіп отырғанын және серіктес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтың даму тарихына тоқталып, Қазақ Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қол қойылған келісімдер жөнінде айтты. Биылғы қаңтар айындағы АҚШ-қа ресми сапары барысында жоғары деңгейде өткен кездесулердің нәтижелеріне тоқталды.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу