Осы аптада Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады

07.10.2018

Атырау-Алтайдың, Алатау-Арқаның арасы әдетте қаңтар, ақпанда күтетін Жолдау бұл жолы мұқым елге ерте жолданды.

Жұмада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. Әдетте, Парламент үйінен сөйлейтін Елбасы бұл жолы ақ жағалы ұлықтарды, биліктің биігінде жүрген беделділерді өзінің резиденциясы Ақордада жинады. 2 сағатқа жуық лайф форматында, яғни, тікелей эфирде сөйледі.

Жалпы, Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп беретін Елбасының Жолдауын қара орман қазақ, қалың ел жыл сайын күтетіні әмбеге аян. Өйткені, саяси құжаттан қоғамның қотырын қасып, көпшілікті толғандырған көкейкесті мәселелерге тұщымды жауап іздейміз.

Сонымен, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі еңбекақы көрсеткіші 1 жарым есеге өсетін болды және ол барлық сала мамандарын қамтиды. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің де жалақысы 35 пайызға жоғарылайды.

Соңғы жылдары сыннан көз ашпай жүрген Ішкі істер министрлігін алда үлкен реформа күтіп тұр.

Сондай-ақ, салықтың негізгі сомасын төлеген азаматтар өсім мен айыппұлдан босатылады. Сөйтіп, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясы» енгізілетін болды. Осылайша, Елбасы барлық бағыт бойынша маңызды міндеттерді айқындап берді.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ    

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу