Ұлттық банк «Астана банкінің» лицензиясын уақытша тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк «Астана банкінің» лицензиясын уақытша тоқтатты

23.09.2018

Тек былтыр ғана яғни, 2017 жылы елдің қанын қан, сөлін сөл қып сорып отырған екінші деңгейдегі банктерге ұлттық қор мен бюджеттен 2 триллион 100 миллиард теңге беріліпті. Не үшін дейсіз ғой. Сауықтыру үшін. Ал соңғы 8 жылда берілген қаржы 3 триллион теңгеден асады. Енді заңды сұрақ? Осыншама көл-көсір қаржы қазынаға қайтарылды ма? Қайтарылса қаншасы қайтарылды немесе қаншасы ұрланып-жырланды? Ешкім ешбір жауап бере алмайды.

Есесіне елдің қалтасынан құралған қордан ақша алған РБК, «Эксимбанк», «Delta Bank» былтырдан бері бірнеше қаржы инистуттары құрдымға кетті. Енді міне олардың қатарына осы аптада жарнамасы жер жарған «Астана банкі» де қосылды.

2008 жылғы дағдарыс естеріңізде болса, екінші деңгейлі банктерге Ұлттық қордан 4 млрд. доллар берілген. 2012 жылы тағы көмек алған банктердің алаған қолы алаған. Биыл да банктерді сауықтыруға сауын берілді.

Сарапшылардың айтуынша, ДСҰ кірген Қазақстанға шетел банктері келіп, несие арзандайды деген жалған арман. Себебі, Ұлттық банк бекітетін пайыздық мөлшерлеме бізде батыстағыдай 0,25 пайыз емес, 10,25 пайыз. Он есе артық. Есесіне несиенің үстеме пайызы да сонша есе қымбат. Ұлттық банк осы пайыздық мөлшерлемені таргеттейміз деп тер төккелі  үш жыл болды. Түк істей алмай келеді.

Жалпы қазір қарызсыз күнелтетіндер аз. Екінші деңгейдегі банктердің шетелден арзан үстемақымен алып келіп, қазаққа пайызын еселеп қосып беретін несиесін біз қазір тегін ақша секілді алып жүрміз. Бірақ, оны өтей алмай мына өмірден баз кешіп кеткендері қаншама. Сондықтан, біреуге берешек болу бүкіл елдің болашағын бұлыңғыр етеді. Банктер ең болмағанда осыны түсінсе екен дейсің.  Енді бір мәселе. Банк жабылғанымен, оның акционерлерінің есебі түгел. Бірақ, банктің жарнамасына сеніп, ақшасын салған қарапайым жұрт қайтер екен?

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу