Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың көлемі 10 миллиард долларға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың көлемі 10 миллиард долларға жетті

09.09.2018

Қазақ пен Қытай арасындағы сауда-саттықтың көлемі бұл күнде 10 миллиард долларға жетті. Тел емген жобалар да аз емес. «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы, Ақтау порты, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы, Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі екі елге де тиімді. Осы жобалардың арқасында қазір Қытайдан шыққан тауар Қазақ сахарасы арқылы Еуропаға шамамен екі жетінің ішінде жетеді. Ал, бұған дейін теңіз жолы бұл сапарды 6 аптаға дейін созатын. Оның үстіне біздің ел Орталық Азияда бизнес бастау жағынан көш басында тұр. Дүниежүзілік сауда ұйымына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялар комитетіне мүшеміз. Инвесторлардың құқығын қорғайтын Астана қаржы орталығы бар. Сондықтан болар, Қытай секілді алып нарықтағы ірі компаниялар біздің нарықты жан-жақты зерттеп, зерделей бастады. Көрші ел кәсіпорындарының біздің елге құйған инвестициясы бұл күнде 15 миллиард доллардан асты. Оған Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан Қазақ Президентінің жоғарыдағы бастамаларының заңды жалғасы іспетті Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» атты бағдарламасы да өз үлесін қосып келеді. Қытай төрағасы көтерген бастаманың бес жылдығына орай Астанада екі елдің іскер топ өкілдері алқалы кеңес өткізіп, кеңейтілген келіссөздер жүргізді. Енді мұндай келісімдер келер айда Қытайдың Сиань шаһарында жалғасын таппақ.

Айбек ҚОБДАБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу