Биыл 3 миллионнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 3 миллионнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады

02.09.2018

Биыл 7024 мектепке 3 миллионнан астам оқушы барды, оның ішінде 350 мыңы - 1 сынып оқушылары. Былтыр 2,9 миллион оқушы мектеп табалдырығынан аттаған екен. Бала санына қарап-ақ, демографиялық дүмпудің дүбірін сезуге болады. Бүгін кітап толы сөмкесін мықшыңдай көтеріп кірген оқушы бірер жылда мемлекет жүгін арқалайтын тау тұлғалы азамат болып шығары сөзсіз. Бірақ, шындығы сол, мектеп әлі жетіспейді. Үш ауысымда оқытатын білім ордалары әлі бар. Бала сыймайды. Биыл халқы көп оңтүстік өңірлерді айтпағанда, Астана мен Алматыда бірінші сыныпқа 12-13 класс жабдықталып, тіпті «о» сыныбы мен «п» сыныбы деген кластар ашылған. Бұл дегеніңіз, бір мектепте кем дегенде 17-18 бірінші сыныптың ашылғанын білдірсе керек. Сондықтан, алдағы уақытта республикалық қазынадан 53 миллиард теңге бөлініп, 110 мектеп салынбақшы. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде 72 жаңа мектеп игілікке берілді. Ақмола облысында - 3, Ақтөбеде - 9, Алматыда - 6, ШҚО - 1, Жамбылда - 4, БҚО - 3, Қарағандыда - 3, Қызылордада - 5, Маңғыстауда - 8, Түркістанда - 20, Алматыда – 7, Астана қаласында – 3 мектеп пайдаға берілді. Дегенмен, жаңа оқу жылы қарсаңында журналистерге арнайы брифинг өткізген Білім және ғылым министі Ерлан Сағадиев Астана мен Алматыдағыдай емес, аймақтар тыныш деп сендірді. Бірақ, шынтуайтында үш ауысым мәселесі шешілмей тұрған өңірлер жеткілікті. Министр баяндамасында апатты жағдайдағы мектептер мәселесін мүлде көтермеді. Алысқа барған жоқпыз. Астананың өзінде не жөнделмей, не сүрілмей тұрған мектеп бар. Осындай бірнеше мектепті тілшіміз Айнұр Омар екі күн бұрын барып, көріп қайтты.

 

Айнұр ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу