Қазір Қазақстан инвестицияның игілігін көріп отырған бірден-бір ел - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазір Қазақстан инвестицияның игілігін көріп отырған бірден-бір ел

08.07.2018

Қазір әлемде инвестиция үшін талас күшейді. Жаһанды шарлаған қаржылық дағдарыстан соң бұл бәсеке тіптен артты. Инвестиция иірімі тереңдей түсті. Халықаралық алпауыт кәсіпорындар мен трансұлттық компаниялардың мол қаржысына кімнің болсын көз сүзбеуі мүмкін емес. Себебі, ұзақ мерзімге құйылатын қомақты қаржы әсіресе, дамушы елдер экономикасының күретамырына айналды.  Естеріңізде болар сол бір кез... «Ел боламыз ба?» деген сауалдан гөрі «бордай тозамыз-ау» деген қорқыныш басым тұрған Тәуелсіздіктің елең-алаңы. Кеңес одағы күйреп, Мәскеудің ортақ астауы опырылып, жоспаралы экономика жойылған тұс. Тәжірибесіз егемен елге экономикалық катастрофаның қара бұлты үйірілген еді. Өндірістік сала түгелдей тұралап, кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық жаппай жайлады.

Ал, бюджетте бақыр тиын жоқ. Жалақы мен зейнетақы айлап төленбеді. Су мен жарық да бірде бар, бірде жоқ кез.  Әлемдік көштен қалмау үшін социализмнен жедел түрде капитализмге өттік. Нарықтық экономикаға көшу оңайға соқпады. Елбасы инвестиция тарту үшін жыл он екі ай шетел шарлады. Қазақстанның болашағы жарқын болатынына, бейбітшілік бағдарына айналатынына шетелдік қалталылар мен қаржы институттарының көзін жеткізді.  

Арнайы заң шығарып, жекешелендіру жүргізіп, инвесторлардың келуіне қолайлы жағдай жасады. Тоқтап қалған зауыттардың тамырына қан жүгіріп, тоқырап қалған комбинат-фабрикалар жандана бастады. Инвесторлар оларға қаржы ғана құйып қоймай заман талабын сай жаңа технология әкеліп жаңартты. Ал, қазір сол кезді бағамдасақ, айшылық алыс жер көрінген арманға қажырлы қайраттың арқасында екі-ақ аттап жеткендейміз. Қазір Қазақстан инвестицияның игілігін көріп отырған бірден-бір ел.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу