Қазақстандықтар алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өтті

02.07.2018

Бүгін күллі қазақ өзінің көнеден келе жатқан қасиетті аспабы қара домбырасын қастерлеп, алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өтті.  

Президенттің Жарлығымен бекіген тағы бір тағылымы мол мерекеге Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасындағы Қазақ жұрты бүгін хал-қадірінше үлес қосты. Күмбірлетіп күй төкті, әуелетіп ән салды. Бір сәт мәңгілік елдің аспаны мәңгілік мұраның асыл мұратын асқақтатып, арман-мүддесін абырой биігіне қалықтатты, шабытты шарықтатты.

Шарадағы ең кішкентай қатысушының жасы 6-да, ал ең үлкені - 75-те. Қаршадайынан қара домбыраға ғашық жасы бар, жасамысы бар екі мың адам қаз-қатар тізіліп, «Адаймен» арқаны қоздырып, «Көңілашармен» көңілдің қылын шертті. «Балбырауынмен» баурап, «Ерке сылқыммен» елге естен кетпес әсер сыйлады. Бүгін домбыраның үнін естімекке келген ел арнайы тігілген киіз үйлерде қонақ болып, домбыра музейін тамашалады. Бұл жерде Құрманғазы мен Дина, Ахмет пен Махамбет, Біржан сал мен Ақан сері, Абай мен Жамбыл, Қазанғап пен Сүгір секілді тұлғалар ойнаған тарихи аспаптарды көріп, таң-тамаша болды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу