FIFA-2018. Биылғы мундиальға әлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшысы қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

FIFA-2018. Биылғы мундиальға әлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшысы қатысуда

17.06.2018

Маусымның 14-і күні Ресейде футболдан әлемдік доп додасы дүбір қақты. Бұл - үлкен той, бұл - үлкен думан. Дегенмен, спортқа да саясат араласқан заман. Қос бүйірден қысқан АҚШ пен Батыстың саяси ойындары мен экономикалық санкциялары Ресейге оңай тиген жоқ.

Тіпті, есіңізде ме, әлем біріншілігіне қатысатын Австралия, Ұлыбритания, Исландия мен Польша шенеуніктері турнирге бойкот жариялаған. Еуропарламент депутаттары да жарысқа дипломатиялық бойкот жариялаған. Бірақ, бұлардың бойкоты әлемдегі миллиондаған жанкүйерлердің футболға деген махаббатының қасында түкке тұрмасы анық. Футбол тойы сыртқы күштердің ықпалынсыз басталды.

Аламан енді қызып жатқанда, кеше АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Ресейдегі чемпионат өтіп жатқан орындарды терроршылар нысанаға алуы мүмкін екені туралы ескертті. Бірақ, төнетін қауіптің сипаты жайлы егжей-тегжейлі айтпаған. Үркіту ме, қорқыту ма, белгісіз.

Ал, Ресейдің ресми тұлғалары бұған қатысты елде айқын жоспар жасалғанын, Мәскеу мен тағы 11 қалада ондаған мың қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері орналасқанын, олардың кез келген қауіпке дайын екендерін мәлімдеді. Сонымен, биылғы мундиальға әлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшысы қатысуда.

Ал, Ұлттық арна мен «Qazsport» елдегі жанкүйерлерге футбол тойын сыйлап жатыр. Қос телеарна барлық 64 матчты соңына дейін көрсетеді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу