Елбасының Қытайға сапары: Елге пайда әкелер қандай келісімдер жасалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының Қытайға сапары: Елге пайда әкелер қандай келісімдер жасалды?

10.06.2018

Апта басында Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Іргедегі көршіміз ірі саяси жиынға ұйытқы болды. Шиңдао шаһарында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтті. Міне, осы жиынның алдында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақ Президентін ел астанасына арнайы шақырды. Қос лидер кеңейтілген құрамда кездесті. Билік басына Си Цзиньпин келгелі мемлекет басшыларының бұл 18-ші рет жүздесуі. Демек, «Сырын білмес аттың сыртынан жүрме» дейтіндей емес. Екеуі сыралғы дос, сыйлас көрші. Десе де, қазақ-қытай қатынасына біреу үмітпен, біреу күдікпен қарайтыны шындық.

Президенттің кезекті сапарының астарынан кілтипан мен кір іздеп жатқандар да аз емес. Әрине, сауысқаннан да сақ болуымыз керек. Бірақ, көршіңмен араласпай, көрпені тарс бүркеніп, томаға-тұйық жатқаннан пайда бар ма?! Әрбірден соң, біз құрлықтағы мемлекетпіз, теңізге, мұхитқа шығар жол жоқ бізде. Демек, Ресей мен Қытай біз үшін теңіз болуы тиіс. Бейнелеп, миллиардтар нарығын меңзеп тұрмын. Қысқасы, Қытай бүгінгі біздің басты сауда және инвестициялық әріптесімізге айналғанын мойындау керек. Қазақ экономикасына қаржы құятын ең ірі 4 елдің бірі осы. «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» арқылы 100 миллион тонна мұнай жөнелтілген. «Қазақстан-Қытай газ құбыры» арқылы 200 миллиард текше метрге жуық газ жіберілген. Ауыл шаруашылығы өнімдері тағы бар. Осы сапардың аясында қазақ-қытай кәсіпкерлерінің іскерлік кеңесі де өтті. Оған көрші елдің 300-ден астам ірі компаниясының өкілдері қатысты. Сонымен, Президент бастаған қазақ делегациясы экономикаға пайда құяр қандай құйқалы келіссөздер жүргізді, қандай жаңа келісімдерді талқылады?

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу