Қазақ пен өзбек «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық брендін бірлесе дамытпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ пен өзбек «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық брендін бірлесе дамытпақ

27.05.2018

Жыл сайын қазақ сахарасына 2 миллионнан астам турист келеді. «ЭКСПО» көрмесі кезінде бұл көрсеткіш екі есеге артып еді. Жалпы, дүниежүзілік экономиканың 10%-ы осы туризммен байланысты болса, Қазақ елі 2025 жылға дейін табыстың 8%-ын осы саладан теруді жоспарлап отыр. Орта Азияда туризм бойынша көш бастап тұрған мемлекеттің бірі - Өзбекстан. Бүгінде бұл көрші жатқан бізбен бірге эко және этно туризмді дамытып, бай мәдениетін төрткүл тарапқа танытуды қолға алды. Қос мемлекет «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық брендін бірлесе дамытуға ниетті. Өйткені, соңғы кездері трансшекаралық турлар сұранысқа ие. Саяхатшылар бір турдың аясында бірнеше елді аралауды қалайды. Себебі, екі мемлекет арасында визасыз жүйе бар, әрі Ұлы Жібек жолы өткен мекен тарихи ескерткіштерге толы. Осы ретте, Өзбек билігі шетелдегі елшілеріне тәулігіне бес туристтен тарту туралы талап қойған. Бұған қоса, саяхатшылар санын арттыру мақсатында әлемнің бірқатар елімен арадағы визалық режимді алып тастаған. Көрші ел зиярат туризмін, экологиялық, этнографиялық, гастрономиялық туризмді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Қалаларындағы қасиетті орындарда «кіші қажылық» бағдарламасын да іске асырған.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу