Осы аптада Сочиде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Сочиде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті

20.05.2018

Кеңейтілген жиын басталмас бұрын саяси алаң иесі Владимир Путин әріптестерін жеке-жеке қабылдады. Бұл Ресей басшысының биылғы президент сайлауынан кейінгі алғашқы кездесулерінің бірі. Путин мен Назарбаев былтыр бас-аяғы бес рет жүздесіп, бірқатар сүйекті мәселелерді пысықтаған. Бұл жолы да сол үрдіс үзілген жоқ. Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық байланыс орнағанына биыл 26 жыл толады. «Осы аралықта байланыс барлық бағыт бойынша бекемделді, серіктестік стратегиялық деңгейге жетті» десті президенттер.

Қазақстанның сауда әріптестерінің көшбасында Ресей тұр. Дағдарыстың дауылы шайқаған жылдары шатқаяқтап қалған тауар айналымына қазір жан бітіп келеді. Екі ел арасындағы алыс-беріс ауқымы былтыр  16 миллиард долларға жеткен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, әжептәуір өсім бар. Көрші ел Қазақстаннан негізінен металл, көмір саудалайды. Минерал, xимия өндірісіне  қажет шикізат  сатып алады.

Ал, Ресей шекарадан бері қарай жанар-жағармай, автокөлік бөлшектерін өткізеді. Президенттер арадағы сауданы жандандырып, іскерлік байланысты одан әрі мығымдауға келісті.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу